Енді байланыс операторлары қаржылық есептілікті жариялайтын болады

144

Заң жобасында тиісті нормалар көзделген. 

Енді байланыс операторлары қаржылық есептілікті жариялайтын болады Фото: gov.kz

Қазақстанда операторлар қаржылық есептілікті, сондай-ақ инфрақұрылымға қол жеткізу тарифтерін жариялайтын болады. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект жəне цифрлық даму министрі Жаслан Мəдиев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәжілістің жалпы отырысында "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Жаслан Мəдиевтің сөзінше, құжат 116 түзетуден тұрады.

"Бірінші блок бірқатар түзетулерді қамтиды. Əлеуметтік маңызы бар мемлекеттік сервистерге трафигі есептелмейтін, яғни тарифсіз қолжетімділік енгізу. Бұл азаматтарға нөлдік баланс кезінде де негізгі мемлекеттік сервистерді пайдалануға мүмкіндік береді. Мысалы, eGov, e-Otinish, Aitu ұлттық мессенджері жəне өзге де қосымшалар. Байланыс операторлары жұмысының ашықтығын арттыру бойынша нормалар көзделген. Операторлар қаржылық есептілікті, сондай-ақ инфрақұрылымға қол жеткізу тарифтерін жариялайтын болады", – деді ведомство басшысы.

Байланыс сапасын жақсарту үшін ұялы байланыс сигналының күшейткіштері, яғни репитерлерді əкелуге шектеулер енгізіледі. 

"Енді оларды тек байланыс операторлары ғана əкеле алатын болады. Бұл желіге кедергі келтіретін сертификатталмаған құралдарды шектейді.  Сондай-ақ байланыс инфрақұрылымын салу үшін жер учаскелерін бөлу тəртібі жеңілдетіледі. Егжей-тегжейлі жоспарға немесе бас жоспарға міндетті түрде енгізбей-ақ жер беру тетіктері оңтайландырылады. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда байланыс желілерін салу мүмкіндігі көзделеді. Бұл шалғай, ауылдық жəне туристік аймақтарда интернетпен қамтуды кеңейтуге көмектеседі", – деп атап өтті Жасанды интеллект жəне цифрлық даму министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу