Енді балық өсірушілер үшін мемлекеттік қолдау шаралары күшейеді

141

Оларға субсидия, жеңілдетілген несие беріледі әрі ғылыми сүйемелдеу жасалады.  

Енді балық өсірушілер үшін мемлекеттік қолдау шаралары күшейеді Фото: inbusiness.kz

Мәжіліс "Акваөсіру туралы" заң жобасы мен оған ілеспе құжатты бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің сөзінше, заң жобасының мақсаты – жаңа өндірістерді құру және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту. Сондай-ақ бәсекеге қабілетті акваөсіру объектілерін өсіру көлемін ұлғайту және олардың қоршаған ортаға және адамның өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы акваөсіруді тұрақты дамыту.

Енді балық өсірушілер үшін мемлекеттік қолдаудың қосымша шаралары енгізіледі. 

"Бұл – субсидиялау, жеңілдетілген кредит беру және ғылыми сүйемелдеу. Сондай-ақ, балық өсіру үшін су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялаудың жаңа түрі көзделеді. Субсидиялау агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы жүргізілетін болады. Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мақсатында бизнес субъектілерінің қарсы міндеттемелерін енгізу жоспарланып отыр", – деді вице-министр.

Бұдан  бөлек цифрландыру мақсатында мониторингтің ақпараттық жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Акваөсірудің дамуын бақылайтын ақпараттық жүйеде деректер мен мәліметтер жиналып, бизнес субъектілерінің тізілімі жүргізіледі және акваөсіру объектілері қадағаланбақ.

"Заң жобасында су айдындарын конкурстық негізде және конкурс рәсімдерін өткізбей беру тәртібі көзделген. Су айдындарын аукциондық сауда-саттық тәсілімен электрондық портал арқылы конкурстық негізде жүргізу ұсынылады. Бұл ретте тор қоршамада балық өсіру шаруашылықтарын құру жөніндегі инвестициялық жобалар үшін, егер инвестиция сомасы кемінде 150 мың АЕК болса, халықаралық және республикалық маңызы бар су айдындарын конкурс өткізбей беру ұсынылады, бүгінде бұл шамамен 550 млн теңгені құрайды", – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Мәжілістің жалпы отырысында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу