Енді банктер жанынан арнайы бөлімшелер ашылып, исламдық өнімдерді ұсынуы мүмкін

142

Елімізде екі ислам банкі жұмыс істейді. 

Енді банктер жанынан арнайы бөлімшелер ашылып, исламдық өнімдерді ұсынуы мүмкін Фото: freepik

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова исламдық қаржыландыруды дамыту үшін қандай жағдайлар жасалатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның айтуынша, Қазақстанда исламдық банк қызметін жүзеге асыруға жеке ислам банкін құру арқылы ғана жол беріледі. 

"Қазіргі уақытта Қазақстанда екі ислам банкі жұмыс істейді – шетелдік "Абу-Даби коммерциялық банкі" және қазақстандық Заман Банкі. Олардың банк жүйесінің активтері мен кредиттік портфеліндегі жиынтық үлесі 0,5%-дан  аз. Заң жобасында әмбебап банктерге қолда бар лицензиясы шеңберінде исламдық банк операцияларын "исламдық терезелер" арқылы жүзеге асыру құқығын беру көзделеді", – деді Мәдина Әбілқасымова Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде.

Агенттік төрағасы БАӘ, Малайзия, Пәкістан, Бахрейн, Кувейт, Катар және Индонезияда кеңінен қолданылатын "исламдық терезелер" моделін пайдалану ұсынылатынын айтты.

"Исламдық терезелер" моделі банктерге жеке банкті құрмай, өз құрылымында арнайы бөлімшелер құру арқылы   исламдық өнімдерді ұсынуға мүмкіндік береді. Исламдық қаржының ерекшелігін ескере отырып, исламдық қызметті  ұйымдастырушылық тұрғыдан оқшаулау, активтер мен міндеттемелерді бөлек есепке алу және басқару, жеке қызметкерлерді бөлу, сондай-ақ қаржы өнімдерін бекітетін және аудит жүргізетін шариғатқа сәйкестік жөніндегі кеңестің болуы көзделген", – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу