Енді білім грант иегерлері өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге міндеттелмек

596

Өңдеу өнеркәсібі экономиканың ең тапшы салаларының бірі. 

Енді білім грант иегерлері өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге міндеттелмек Фото: freepik

Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар отандық кадрлардың басқа елдерге кету мәселесін көтеріп, вице-премьер-министр Тамара Дүйсеноваға сауал жіберді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бүгінде біз техникалық және жоғары білімді мамандарды дайындап жатырмыз, бірақ олар отандық экономиканы дамыту үшін жұмыс істеудің орнына Оңтүстік Корея, Польша, Чехия, Ұлыбритания, Германия және басқа да елдерде қарапайым жұмыстарды таңдайды. Халықаралық миграция ұйымының 2023 жылғы деректері бойынша 193 мың қазақстандық еңбек мигранттары болып саналады", – деді Сұңқар мәжіліс отырысында.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы құрылыс, ауыл, орман және балық шаруашылығы, көлік және қоймалау, өңдеу өнеркәсібі экономиканың ең тапшы салаларының бірі.

Ведомствоның болжамынша, осы салаларда мамандар жетіспеушілігі тек өсетін болады. 

"Жыл сайын осы және басқа да бағыттарға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінеді. Мысалы, 2019 жылы жоғары оқу орындарына құрылысқа 2 900 грант, ауыл, орман және балық шаруашылығына 1 600 грант, көлік және қоймалау саласына 4 248 грант бөлінді. (...) Біздің ойымызша, 2019 жылы түскен мамандар 2023 және 2024 жылдары пайда болған бос орындарды жабуы керек еді. Алайда біз оны толық көріп отырған жоқпыз", – деді депутат.

Бұған байланысты Ислам Сұңқар мемлекеттік білім беру грантының иегерлеріне меншік түріне қарамастан, тиісті салада міндетті түрде жұмыс істеуді енгізуді ұсынды.

Сонымен қатар депутат техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын ірі кәсіпорындарға сенімгерлік басқаруға беру тетігін әзірлеуді, халықаралық стандарттар бойынша тәуелсіз сертификаттауды енгізуді, сондай-ақ "Дипломмен ауылға" бағдарламасына орман, су және балық шаруашылығы мамандарын қосуды ұсынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу