Бұл өзгерістер Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізуді көздейді. Аталған бап медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем бригадалары жүргізушілерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұғу үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейді.
Құжат нормаларына сәйкес:
- күш қолдану қаупін төндіргені үшін 200-ден 500-ге дейін айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы көзделген;
- аталған әрекеттер ауырлататын мән-жайларда жасалған жағдайда жаза күшейтіліп, 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыруды құрайды;
- өмірге және (немесе) денсаулыққа қауіпті емес күш қолданылған жағдайда 500-ден 1000-ға дейін айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы көзделген;
- өмір мен денсаулыққа қауіпті күш қолдану 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен, ал ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен жазаланады.
Сонымен қатар заңнамалық өзгерістермен қатар медициналық ұйымдарда медицина қызметкерлерінің жұмыс орындарындағы қауіпсіздігін күшейту бойынша қосымша шаралар енгізілуде.
Орта мерзімді кезеңде мынадай шаралар жоспарланған:
- 2,1 мыңнан астам фельдшерді бейнежетондармен жабдықтау;
- 636 қабылдау бөлімшесінде дабыл түймелерін орнату;
- бейнебақылау жүйелерін интеллектуалды аналитикамен біріктіру;
- елдегі 152 стационарда тәулік бойы жұмыс істейтін полиция посттарының қызметін қамтамасыз ету.
Бұған дейін Президент медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен әл-ауқатына зиян келтіретін мұндай оқиғалар "Заң және тәртіп" тұжырымдамасының қағидаттарына сәйкес құқықтық алаңда қатаң түрде тоқтатылуы тиіс екенін атап өткен болатын.
2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, мейіргерлерге және денсаулық сақтау жүйесінің басқа да қызметкерлеріне қатысты 280-нен астам шабуыл фактісі тіркелген.