Енді елімізде әкімдер оқытылады

223

Бұл жұмысты Үкімет Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп атқаруы тиіс. 

Енді елімізде әкімдер оқытылады Фото: Голос народа

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Әкімдер мектебі" оқыту жобасын іске қосуды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін тұтас мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істеуі керек. Әкімдерді тікелей сайлаудың нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің жаңа санаты – сайланатын басшылар пайда болды. Бұл – екі жарым мыңнан астам басшы лауазымындағы қызметкер деген сөз. Олардың арасында бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар, соның ішінде жастар көп. Сол себепті сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесі өте өзекті болып тұр. Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, "Әкімдер мектебі" оқыту жобасын іске қосуды тапсырамын. Бұл ретте осындай жұмысты жүргізіп жатқан "Аmanat" партиясының тәжірибесін ескерген жөн", - деп атап өтті Президент.

Мемлекеттік аппараттың басты міндеті – азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу. 

"Ол үшін, ең алдымен, азаматтармен ұдайы байланыста болу керек. Онсыз болмайды. Сондықтан халықтан келіп түсетін өтініштерге айрықша назар аудару қажет. Былтырдың өзінде Президент Әкімшілігіне 50 мыңнан астам өтініш келіп түскен, ал еліміздегі барлық мемлекеттік органдарға шамамен 4 миллион өтініш жолданған. Бұл көрсеткіш жылдан жылға көбеюде.

Бір жағынан, бұл жұрттың "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасына сенетінін көрсетеді. Алайда, сонымен бірге, бұл олардың өтініштері мен мәселелері мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысы барысында шешімін таппай жатқанын аңғартады. Сондықтан олқылықтар мен кемшіліктерді жою үшін тиянақты жұмыс жүргізу қажет. Әдетте азаматтардың өтініштерінің артында адам тағдыры тұрады, сондықтан, бұл жерде барлық құзырлы органдар жұмыла жұмыс істеуге тиіс", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу