Енді еліміздегі психологтар тұрғындарды дәрі-дәрмекпен емдей алмайды

Мәжіліс "Психологиялық қызмет туралы" заңды екінші оқылымда қабылдап отыр.  

Енді еліміздегі психологтар тұрғындарды дәрі-дәрмекпен емдей алмайды Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Осылайша, психологтарға психикаға белсенді әсер ететін заттарды және әдістерді қолдануға тыйым салынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Депутаттар бастамашы болған заңда Қазақстанда алғаш рет психологиялық қызметті жүзеге асырудың кешенді құқықтық негізі қаланып, осы саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары айқындалады.

Заңның басты нормасының бірі – психологтардың бірыңғай мемлекеттік тізілімін құру. Осы тізілімге кіру кәсіби қызметті жүзеге асырудың міндетті шарты болады. Заң арқылы психологтардың және психологиялық көмек алушылардың құқықтары мен міндеттері бекітіледі.

Мысалы, құпиялылық кепілдігі, хабардар етілген келісім алу, сондай-ақ кәсіптік және әдеп стандарттарын сақтау көзделеді. Қызмет көрсету сапасын қамтамасыз ету мақсатымен біліктілігіне, құзыретіне және кәсіби қызметтің мазмұнына қойылатын талаптарды айқындайтын психологтың кәсіптік стандарты енгізіледі. Заң бойынша, психологиялық көмек пен медициналық қызметтің аражігі ажыратылады. Психологтар тарапынан дәрі-дәрмекпен емдеуге тыйым салынады.

Халықаралық практикаға сәйкес келетін бұл ереже азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Психологиялық көмек көрсетудің күндізгі, қашықтан және аралас нысандары, сондай-ақ оны ұсыну шарттары, соның ішінде өтініш білдірудің еріктілігі мен алушы үшін ақпараттың қолжетімділігі айқындалады.

Екінші оқылымға дайындық барысында депутаттар заңды онлайн-платформалар арқылы психологиялық көмек көрсетуді реттейтін нормалармен толықтырды. Психологтың әдеп кодексін сақтау талаптарын белгілеп, мамандарды мемлекеттік тізілімге енгізу және одан шығару тәртібін анықтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу