Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев Мәжіліс кулуарында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бүгінде есірткі қойып кетуші оны өндіруші сияқты жазаға тартылады. Егер біз осы заңды күшейтетін болсақ, онда 15 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаны көздейді. Егер адам қылмыс жасайтын болса, сот оны қамауда алу туралы шешім шығарса, біз қамауға алатын боламыз", - деді ІІМ өкілі.
Оның дерегінше, қазіргі таңда есірткімен байланысты қылмыстар бойынша 4 мыңнан астам адам түрмеде отыр. Абақтыда отырғандардың жалпы саны – 36 мыңнан астам.
Спикер өмір бойына сотталғандардың саны бойынша ақпарат жабық екенін айтты.
"Біз есірткі зертханасын жасайтындар үшін жауапкершілікті арттырдық. Бұл – бірінші оқылым. Мәселе әлі пысықталады", - деп толықтырды Ішкі істер министрінің орынбасары.
Айта кету керек, осыған дейін Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдағанын жазған болатынбыз.