Енді ХҚКО арқылы біреудің үйіне жасырын тіркеле алмайсыз

707

Үй иесіне бірден SMS-хабарлама келеді.

Енді ХҚКО арқылы біреудің үйіне жасырын тіркеле алмайсыз

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы тіркелген азаматтар мен тіркеуден шығарылған тұрғындар туралы тұрғын үй иелеріне SMS-хабарламалар жолдайтын жаңа сервисті енгізді, деп хабарлайды inbusiness.kz "Азаматтарға арналған үкіметке" сілтеме жасап.

"Енді азаматтар ХҚО арқылы тіркелген кезде тұрғын үй иесі өз телефонына тіркелген адамның деректері көрсетілген хабарлама алады. Егер баспана иесі үйінде тұратын адамды тіркеуден шығарғысы келсе, екінші тарапқа да тіркеуден шығарылғаны туралы хабарлама барады.

"Қазақстандықтар маған үйлерінде бейтаныс адамдардың тіркелгені туралы жиі жазып жатады. Аталған жаңа сервис бұл мәселені шешуге тиіс. Егер біреу сіздің қатысуыңызсыз ХҚО арқылы үйіңізге бөгде адамды тіркеуге тырысса, сіз бұл туралы SMS-хабарлама арқылы бірден біле аласыз. Сервис ақылы түрде тіркеуді ұсынатын делдалдарға қарсы күресте көмектеседі", – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Айта кетсек, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы азаматтарға тұрғылықты тіркеу қызметін 2019 жылдан бері көрсетіп келеді. Бұған дейін онымен ХҚО-да орналасқан көші-қон қызметінің мамандары айналысқан болатын. Азаматтарды тұрғылықты жері бойынша eGov порталы арқылы да онлайн тіркеуге немесе тіркеуден шығаруға болады. Ол үшін тұрғын үй иесі мен тіркелген адамның электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы керек.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу