Мәжіліс "Қазақстан Үкіметі мен Қатар Үкіметі арасындағы Қазақстан азаматтарының Қатар Мемлекетінде жұмысқа орналасуын реттеу туралы келісімді ратификациялау" туралы заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл келісімге 2025 жылғы 14 ақпанда Мемлекет басшысының Қатарға сапары барысында қол қойылды.
"Келісімнің мақсаты – Қазақстан азаматтарының Қатардағы құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету. Ол үшін мынадай айқын рәсімдер белгіленеді: іріктеу, қазақстандық азаматтарды жұмысқа қабылдау және олардың Қатарда жұмысқа орналасу кезіндегі құқықтарын айқындау. Келісімге қосымша ретінде қазақстандық азаматтарды Қатарда жұмысқа қабылдауға арналған үлгілік еңбек шарты бекітілген", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.
Оның айтуынша, Қатардағы жұмыс берушінің еңбек шартының ережелеріне қандай да бір өзгерістер енгізе алмайды.
Үлгілік еңбек шартында жұмыс берушінің:
– тұрғын үй беру немесе тұруға жәрдемақы төлеу;
– жұмыс орнына дейін және кері қайту үшін тегін көлік ұсыну не көлік жәрдемақысын төлеу;
– Қатар заңнамасына сәйкес медициналық қызмет көрсету;
– жыл сайынғы демалысты қоса алғанда, жұмысқа орналасу және еңбек шартының аяқталуы кезінде ұшуға ақы төлеу бойынша жұмыскерді қамтамасыз ету міндеттері көзделген.
Қатардағы жұмыс беруші:
1) жұмыскер еңбек шартының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін жұмыстан босаған;
2) егер ол Қатар мемлекетінің "Еңбек туралы Заңына" сәйкес жұмыс аяқталғаннан кейін оны ескертусіз және сыйақы төлемей жұмыстан босатуды талап ететін теріс қылық жасаған екі жағдайда ғана еңбек шарттары міндеттемелерінен босатылады.