Елімізде заңды тұлғалардан түскен қоңыраулар таңбаланатын болады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бүгін Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект жəне цифрлық даму министрі Жаслан Мəдиев Мәжілісте жасаған баяндамасында азаматтарды телефон алаяқтығынан қорғау үшін заңды тұлғалардан қоңыраулар таңбаланатынын айтқан болатын.
"Бұл абоненттерге ресми қоңырауларды күдіктілерден ажыратуға мүмкіндік береді. Абоненттік нөмір мен ұялы телефондарды жақын туыстарынан басқа үшінші тұлғаларға беруге тыйым салынады. Биометриялық аутентификация бойынша нормалар Цифрлық кодекске сəйкес келтірілуде. Сондай-ақ, байланыс құралдарын верификациялау арқылы тіркеу рəсімін жетілдіру көзделген. Бұл заңсыз əкелінген құралдарды пайдалануды азайтады, IMEI-ді ауыстыру арқылы жасалатын алаяқтық тəуекелдерін төмендетеді", – деп атап өтті ведомство басшысы.
Депутат Әбутәліп Мүтәлі Мәжіліс кулуарында құжаттағы негізгі нормаларға тоқталды.
"Осы заң жобасымен реттеліп отырғаны мәселенің бірі – интернет операторларын лицензиялаудың енгізілуі. Сонымен қатар алаяқтықтың алдын алу мақсатында заңды тұлғалардың нөмірлерін таңбалау енгізіліп отыр. Мысал үшін егер сізге банктен немесе мемлекеттік ұйымдардан хабарласқан жағдайда, қай банктің хабарласып тұрғаны телефоныңызда нөмірмен емес, сол банктің атауымен бірге келетін болады. Яғни, операторлар алаяқтықтың алдын алуға міндеттеледі. Алаяқтар тарапынан болатын жаппай қоңырау шалуларды білесіздер. Бұл да реттелетін болады", – деп түсіндірді мәжілісмен.
Құжаттағы ең маңызды норманың бірі – верификация.
"Егер қазір шетелден немесе Қазақстан аумағында кез келген байланыс құралын сатып алатын болсаңыз немесе оны басқа адамға берсеңіз, верификациядан өту қажет. Верификациядан өту жеке компанияның құзырында болған, енді ол министрлікке өтеді. Бұл барлығымыздың жеке дерегіміздің қорғалуына әкеледі, екіншіден, оған төленетін ақы толықтай мемлекеттік бюджетке түсетін болады. Заң жобасында осындай жаңашылдықтар бар", – деді Әбутәліп Мүтәлі.