Жүзуден Ресей чемпионы, 25 жастағы София Сподаренко Instagram-дағы парақшасында жаңа видео жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Сәлеметсіз бе! Менің атым - София Сподаренко. Өз аудиторияма ақыры бұл жаңалықты айтқалы отырмын, мен мұны жасырған жоқпын, бірақ барлық процесс аяқталғанша көпшілікке жария ете алмадым. Ал бүгін мен Қазақстанның атынан кәсіби спортшы ретінде өнер көрсететінімді қуана хабарлағым келеді", деді спортшы.
Сондай-ақ, спортшы Қазақстан атынан өнер көрсетуге рұқсат берген федерацияға алғысын қазақша айтты.
"Мені қабылдаған Қазақстанның су спорты түрлері федерациясына және барша қазақ еліне алғысымды білдіремін. Менің жанұям осы жерде туып-өскендіктен, мен қазір бойымдағы ең жақсы қасиеттердің қайдан дарығанын түсініп отырмын", деді ол.