"27 ақпан күні Бас прокуратураның бастамасымен қылмыстық қудалау органдары видеобақылау жүйесінің жаңа жұмыс ережесін қабылдады. Қылмыстық атқару жүйесі мекемелері мен полиция бөлімшелері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының барлық жедел-тергеу бөлімшелері бейнебақыланады"- делінген хабарламада.
Ведомствоның хабарлауынша, бейнебақылау жүйесі жеке бас гигиенасын сақтауға арналған орындарды қоспағанда, келушілердің жүру бағыты мен күзет бөлмелерін де қамтитын болады.
"Бейнежазбаларды қашықтан қарауға, тәртіп бұзғандар болса жедел шаралар қабылдауға құқығы бар тұлғалардың тізімі жасақталды", - деді қадағалау органы.
Бұл шаралар Қазақстан ратификациялаған азаптауға қарсы халықаралық актілерге сәйкес келетіні және тергеудің заңсыз әдістерінің алдын алуға бағытталғаны атап өтілді.
"Бейне жазбаларды адвокаттар, жәбірленушілер, күдіктілер, сотталушылар, соттар және басқа да органдар дәлел ретінде пайдалана алады. Бейнебақылау жүйелерінің жұмысының жақсы жағдайын, материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін және бейнемұрағаттың сақталуын қамтамасыз ету үшін орган басшыларының тікелей жауапкершілігі қарастырылған", - делінген Бас прокуратура мәліметінде.