Енді Қазақстанның көліктері Қытайдың теңіз порттарына дейін бара алады

720

Екі ел арасында автомобиль көлігімен жасалатын жүк тасымалдау көлемі ұлғаяды.  

Енді Қазақстанның көліктері Қытайдың теңіз порттарына дейін бара алады Фото: Lada.kz

Мәжіліс Қазақстан мен Қытайдың үкіметтері арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжатты таныстырған Көлік министрі Марат Қарабаев Қытай еліміздің ірі сауда әріптестерінің бірі екенін жеткізді. Сөзінше, екі ел арасында автокөлікпен жүк тасымал көлемінің жыл сайын өсу тенденциясы байқалып отыр.

"2023 жылы тасымал көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көбейіп, 1,8 млн тонна болды. Қытай тарапымен қолданыстағы Келісім 1992 жылы сол уақыттағы тасымал процесінің мүмкіндіктеріне сәйкес жасалған. Жаңа Келісім ақпараттық технологияларды енгізуді, тасымалдар үрдісін жетілдіруді, сондай-ақ екі ел аумақтарына автокөліктердің емін-еркін ішкерлей кіруін қарастырған. Осылайша қазақстандық автотасымалдаушылар жүк шоғырланатын ірі қалалар, сондай-ақ Қытайдың халықаралық теңіз порттарына дейін бару мүмкіндігіне ие болады", - деді ведомство басшысы.

Келісімге сәйкес барлық тасымалдар рұқсат негізінде жүзеге асырылады, бұл өз кезегінде тарап тасымалдаушыларына тасымал паритетін сақтауды реттеуге мүмкіндік береді. Келісімді жүзеге асыру жолаушылар мен жүктер тасымалының, сондай-ақ Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық ынтымақтастығының одан әрі дамуына өз ықпалын тигізеде деп күтіліп отыр.

Айта кету керек, осыған дейін отандық автокөлік құралдары Қытайға ішкерілей кіріп, теңіз порттарына дейін бара алатынын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу