ҚМДБ қажылық қорының бастамасымен қажылардың жаңа киім үлгісіне жарияланған дизайнерлер арасындағы байқау өз мәресіне жетті, деп хабарлайды muftyat.kz.
ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Бауыржан Есмахан, ҚМДБ қажылық қорының директоры Айдар Салқынбаев және басқа да қажылық компанияларының басшылары қазылық еткен байқауға 14 дизайнер қатысып, бақ сынады.
Байқау шарттары діни басқармаға қарасты сайттарда алдын-ала жарияланған-ды. Қазылар киім үлгісінің ыстық мекенде ыңғайлы, әрі дизайны қазақи нақышта болуына көп көңіл бөлді. Осындай талаптардың үдесінен шыға білген "Абырой КЗ" фирмасы тіккен киім ерекше деп танылып, бас жүлдеге ие болды. Жеңімпазға Ұмра қажылығына тегін жолдама берілді.
Байқау қорытындысында сөз алған ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Бауыржан Есмахан: "Қажылыққа апаратын 18 фирма болса, 3000 қажы 18 түрлі киініп баратын. Осыны бір ізге келтіріп, еліміздің ынтымағын, бірлігімізді көрсетуіміз керек", - деп аталмыш шараның мәні мен маңызын атап өтті.
Ендігі кезекте қажылық фирмалары қажыларды осы белгіленген үлгідегі киіммен қамтамасыз етуге тиіс.