Енді Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағында биіктігі 7 метрден асатын ғимарат салынбайды

294

Заңда тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі нормалар ескерілген.

Енді Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағында биіктігі 7 метрден асатын ғимарат салынбайды Фото: © kozhalar.kz

Сенат Мәжіліс қабылдаған "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заңы мен ілеспе құжатты мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Заңның мақсаты – Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде Түркістан қаласының ерекше мәртебесін айқындайтын құқықтық негіздерді реттеу.

Құжаттың негізгі міндеттеріне Түркістан қаласының тарих және мәдениет ескерткіштері мен тарихи-мәдени мұрасы объектілерін, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қорғау аймақтарында орналасқан объектілерді басқарудың, сақтаудың және олардың бүтіндігін сақтап тұрудың тиімді жүйесін құру, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның қорғау аймақтарының аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштеріне археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жоспарлау және басқару жатады. Сонымен қатар заң тарихи-мәдени мұраны сақтау, дамыту, қайта жаңғырту және ұлттық қолөнерді дамытуды, Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұрасы объектілерін қорғау және пайдалану жөнінде қабылданған шешімдерді ғылыми қамтамасыз етуді, Түркістанның халықаралық ынтымақтастығын дамытуды мақсат етеді.

"Заңда тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органның, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауидің рухани-мәдени мұрасын зерттеу, зерделеу және кеңінен таныту жөніндегі шараларды іске асыру, Түркістан қаласының аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтау үшін жағдай жасау; Түркістан қаласының жергілікті өкілді органының, оның ішінде дизайн-кодты, қала құрылысы регламентін, өңірлік нышанды пайдалану тәртібін бекіту; Түркістан қаласының жергілікті атқарушы органының, оның ішінде қала аумағында тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаланың ұлттық қолөнер саласындағы шеберлердің шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларын әзірлеу белгілінеді. Сонымен қатар Түркістан облысының жергілікті атқарушы органының, оның ішінде Түркістан қаласының аумағы арқылы транзиттік автомобиль көлігі қозғалысының схемалары мен тәртібін келісу жөніндегі және т.с.с. құзыреті туралы да айтылған", – делінген заңға қоса берілген қорытынды құжатта.

Бұдан басқа заңда тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі нормалар, сондай-ақ Түркістан қаласының археология және инфрақұрылым ескерткіштерінің резерватына қатысты нормалар айқындалады.

Атап айтқанда, құрылыс салуды реттеу аймағында құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде сәулет келбеті бойынша олардың тарих және мәдениет ескерткіштерінен асып кетуіне жол берілмейді деп көзделеді.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтау және оның айналасындағы аумаққа құрылыс салуға жол бермеу мақсатында кесененің қорғау аймағының шекарасынан бір жүз метр қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын және ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарих және мәдениет ескерткіштерімен үйлеспейтін объектілер салуға жол берілмейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу