Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Мәжілісте азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжаттағы негізгі бағыттардың бірі – азаматтық қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайларын жақсарту.
"Бүгінде азаматтық қорғау қызметкерлеріне тұрғын үй өтемақысы және қызметі бойынша басқа өңірге көшкені үшін қосымша ақы төленбейді. Бұл төлемдерді белгілеу қызметкерлерге, әсіресе жылжымайтын мүлік құны қымбат өңірлерде тұрғын үй шығындарын өтеуге көмектеседі. Сонымен қатар өмір сүру жағдайлары қауіпті шалғай және жетуі қиын жерлерде, атап айтқанда төтенше жағдай, әскери немесе төтенше жағдай жарияланған жерде жұмыс істегені үшін өтемақы төленбейді, санаторлық-сауықтыру емімен қамтамасыз етілмейді. Сондай-ақ казармалық жағдайда болғаны үшін тамақтандыру қарастырылмаған" – деді ТЖМ басшысы.
Шыңғыс Әрінов осы өтемақылар қызметкерлерге олардың кәсіби қызметтеріне байланысты төнетін қауіп-қатерлер мен қиындықтарды өтейді деген пікірде.
"Жалпы алғанда, тұрғын үй төлемдері мен үстемеақыларды белгілеу, білікті мамандарды тартуға және олардың тұрақты жұмыс істеуіне, сондай-ақ олардың қаржылық жағдайын жақсартуға көмектеседі. Бүгінде ерікті өртке қарсы құрылымдар елді мекендердегі қауіпсіздікті арттыруда маңызды рөл атқарады. Олар үшін материалдық ынталандыру шаралары қарастырылған. Бұл жарақат алған және қайтыс болған кезде төлемдер белгілеу, өрт сөндіруге қатысқанда жалақысын сақтау және негізгі еңбек міндеттерінен босату" – деді министр.