Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қыз алып қашқандарды қандай жаза күтіп тұрғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзіне сенсек, депутаттар Қылмыстық, Қылмыстық-атқару және Қылмыстық-процессуалдық кодекстерді оңтайландыруға бағытталған заң жобасын қолдап отыр. Тиісті құжаттарда некеге тұруға мәжбүрлеу туралы норма бар.
"Онда үш тармақ бар. Біріншісі бойынша айыппұл салынады. Мысалы, бұл кәмелетке толмағандарға қатысты болса және күш қолданылатын болса, онда 5-7 жылға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Депутаттар бұл ұсынысты қолдап отыр. Енді құжат келесі аптада екінші оқылымға шығарылуы мүмкін. Заң жобасында айыппұлдың ірі көлемі туралы да тармақ қамтылған, алайда оның нақты мөлшері әлі талқыланып жатыр. Біз екі нұсқаны қарастырдық. Бұл шамамен 100 немесе 50 АЕК түрінде айыппұл салу", - деді Мұрат Әбенов Мәжіліс кулуарында.
Мәжілісмен соңғы үш жылда полицияға неке қиюға мәжбүрлеу бойынша 214 арыз түскенін айтты. Шағымдардың тек 10-ы сотқа жеткен.