Енді майнерлер салық төлеуге міндеттеледі

Тиісті заң жобасы Мәжілісте мақұлданды.

Енді майнерлер салық төлеуге міндеттеледі

Мәжілісте цифрлық активтер нарығын дамытуға бағытталған "Қазақстан Республикасының цифрлық активтері туралы" заң жобасы мақұлданды, деп жазады inbusiness.kz.

Депутат Екатерина Смышляеваның айтуынша, майнерлер Қазақстан экономикасының толыққанды қатысушысына айналды, сондықтан заңнамаға түзетулер енгізілуде.

"Қазір майнинг қызметін негізінен бұлтты қызметтерде резиденттер жүзеге асырып келді. Заң жобасы арқылы біз майнерлерді Қазақстанда лицензия алуға, яғни заңды ұйым құруға және салық төлеуге міндеттейміз", - деді Екатерина Смышляева Мәжілістің жалпы отырысында.

Сонымен қатар заң жобасы энергетика саласын бақылаусыз қалдырмауға да  бағытталған. "Біз Қытайдың тәжірибесін қарап шықтық. Онда майнингке толық тыйым салынған, бірақ соған қарамастан қазір Қытай бұл салада екінші орында тұр. Яғни, "сұр" майнерлер нарығы бар", - деді депутат.

Ол саланы басқару қиын екенін түсіндірді. Сондықтан заң жобасында электр энергиясын тұтыну көлеміне квота енгізіледі.

"Нәтижесінде сала бақылаусыз дамымайды. Елімізде жаңа фермалардың құрылуы екіталай болады. Заң қазіргі нарықтағы майнерлерді қамтиды", – деді депутат.

Мұндағы басты жаңалықтардың бірі – осы уақытқа дейін салық төлемей келген майнерлерге міндеттемелер белгілеу.

"Криптоиндустрияға салық салу жүйесі бірнеше кезеңнен тұрады: жабдықты әкелу кезіндегі ҚҚС, лицензия үшін төлем, киловаттқа цифрлық майнинг ақысы, алынған сыйақыдан корпоративтік табыс салығы, майнинг-пулдағы корпоративтік табыс салығы, криптовалюталардағы айырбастау ақысы. Жаңа заң жобасы салық және әкімшілік кодекстерді, "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" және "Ақпараттандыру туралы" заңдарды, сондай-ақ "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" Конституциялық заңды да қозғайды”, – Екатерина Смышляева.

Мәжілістегі талқылау нәтижесінде "Қазақстан Республикасының цифрлық активтері туралы" заң жобасы мақұлданды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу