Енді мектеп, балабақша, аурухана салынбай, тұрғын үй құрылысына рұқсат берілмейді

348

30 жылдан аса жұмыс істеп тұрған мектептердің ғимараттары әр 5 жыл сайын тексерілетін болады. 

Енді мектеп, балабақша, аурухана салынбай, тұрғын үй құрылысына рұқсат берілмейді Фото: inbusiness.kz

Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Құжатты Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов таныстырды. Заң жобасында 3 негізгі бағыт бойынша нормалар қарастырылған. 

"Атап айтқанда, біріншіден, балалардың қауіпсіздігіне және құқықтарын қорғауға  қатысты нормалар. Соңғы кезде мектеп ғимараттарының төбелерінің құлауы сияқты фактілер жиеленіп кетті. Сондықтан осындай біраз жыл бойы жұмыс істеп тұрған ғимараттарды әр 5 жыл сайын тексеріп тұру өте маңызды деп санаймыз. Заң жобасында 30 жылдан көп пайдаланып келе жатқан мектеп, балабақша мен колледждердің ғимараттарын, әр 5 жыл сайын апаттылық қаупі бойынша тексеру туралы норма ұсынылды", - деді депутат.

Мәжілісмен атап көрсеткен келесі мәселе – кішкентай балалардың терезелерден құлауы. Асхат Аймағамбетов дерегінше, соңғы екі жылда жүздеген бала терезеден құлаған.

"Заң жобасымен терезелерді арнайы қауіпсіздік механизмдерімен немесе құлыптарымен қамтамасыз ету міндеттеледі. Бізде әлеуметтік нысандармен, мектептер мен балабақшалармен қамтамасыз етіп алмай тұрып көпқабатты үйлерді салу проблемасы бар. Салдарынан жұмыс істеп тұрған мектеп үш ауысымға көшеді, балалардың денсаулығына қауіп төнеді, ал енді мектеп салайын десе, бос жер де қалмайды. Осыған орай заң жобасына жаңа талап енгізілді. Енді мектеп, балабақша мен аурухананы салып алмай көпқабатты тұрғын үйлерді салуға тыйым салынады", - деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу