Мұндай өзгеріс туралы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев айтып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Орталық коммуникация қызметі алаңында өткен брифингте ол мәселенің жай-жапсарын жіті түсіндірді.
– Бізде ротация туралы арнайы бұйрық бар. Сол бұйрық бойынша, ротация бір елді мекеннің көлемінде ғана жүзеге асырылады. 7 жыл басшылық қызметте болған адам міндетті түрде ротацияға жатады. Бірақ бір елді мекенде бір немесе екі мектеп ғана болуы мүмкін. Ондай жағдайда басшылар бір-бірінің орнына отырып ротация жасай алады. Себебі, басқа елді мекенге ротацияланатын болса, оның барып-келу шығындарын, тұрғын үй шығындарын бюджет көтеру керек. Жергілікті бюджетте ондай шығын қаралмағандықтан, ротация мүмкін болмай жатады. Соның салдарынан 10 жылдан астам уақыт бойы басшы болған адамдардың кейсін көріп отырмыз, – деді ол.
Сол себепті, министрлік қазіргі уақытта ротация ережесіне өзгеріс енгізуге дайындалып жатыр.
– Мектеп басшылары екі рет 5-5 жылдан, яғни, толыққанды 10 жыл бір мектепте директор бола алады. Одан кейін ротация жасай алмайды. Қызметін ауыстыруы керек. Осындай өзгеріс енгізіледі, – деп нақтылады Қаныбек Жұмашев.