Қазақстандықтар мекенжай анықтамасын қағаз жүзінде апарудан құтылды

914

Қазақстандықтар мекенжай анықтамасын қағаз жүзінде апарудан құтылды

Қағазбастылықтан құтқаратын "Анықтамасыз қызмет" сервисі іске қосылды, деп хабарлайды  Азаматтарға арналған үкіметтің баспасөз қызметі. 
Енді азаматтар мемлекеттік органдарға мекенжай анықтамасын, сондай-ақ жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және жылжымайтын мүліктің болуы/болмауы туралы анықтамаларды қағаз жүзінде апаруға міндетті емес.
Электрондық үкімет порталында "Анықтамасыз қызмет" - "Paper free" сервисі іске қосылды. Жаңа пилоттық жобаға сәйкес SMS-хабарлама арқылы қызмет алушының рұқсаты расталған жағдайда үшінші тұлғаларға ақпараттық анықтамалар ұсынуға мүмкіндік береді.
"Биыл 25 қаңтардан 5 ақпанға дейін халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 312 мың электрондық анықтама берілді. Бұл орайда біз сауалнама жүргізіп, анықтамалардың 45 пайызын азаматтар коммуналдық қызметтер мен білім беру мекемелеріне тапсыру мақсатында алғанын анықтадық", - дейді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының төрағасы Абылайхан Оспанов. 
Мысалы, жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында мектептер оқушылардан мекенжай анықтамасын сұратады, нәтижесінде миллиондаған ата-ана ХҚО-ға ағылады. Егер "Paper free" сервисі енгізілсе, оқу орындары электрондық үкімет порталынан қажетті құжатты сұрата алады, ал қызмет алушы, яғни ата-ана SMS-хабарлама арқылы электрондық анықтама алуға бір реттік рұқсат бергенін растап, фронт-офиске бару міндетінен құтылады.
Бұл сервисті қолдану үшін мобильді азаматтар базасына тіркелу қажет. "Анықтамасыз қызмет" механизіміне сәйкес мүдделі тұлға электрондық үкімет порталында авторизациядан өтуге тиіс. Сосын "Үшінші тұлғалардың анықтама алуы сервисі" бөлімін таңдап, қай азамат туралы мәлімет алғысы келеді соның жеке сәйкестендіру нөмірін жазу керек. Егер азамат мобильді азаматтар базасында тіркелген болса, мүдделі тұлға анықтама түрін таңдап, өзінің электрондық-цифрлық қолтаңбасымен қол қояды. Сол сәтте портал автоматты түрде азаматқа SMS-хабарлама жолдап, үшінші тұлғаға мәлімет беру/бермеу жөнінде шешім қабылдауды сұрайды. Азамат екі сағаттың ішінде жауап беруі тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу