Енді микроқаржы ұйымдары қарыз алушыларға күніне бір реттен артық хабарласа алмайды

108

Түзетулер осы айдың соңында қолданысқа енгізіледі. 

Енді микроқаржы ұйымдары қарыз алушыларға күніне бір реттен артық хабарласа алмайды Фото: pexel

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микроқаржы ұйымдары қызметкерлерінің мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушылармен өзара іс-қимыл тәртібіне қатысты өзгерістер енгізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Енді мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушылармен өзара іс-қимыл телефон арқылы, оның ішінде ұйымның бастамасы бойынша интернет желісінде қоңырау шалу үшін қосымшаларды пайдалана отырып, жұмыс күндері сағат 9.00-ден 21.00-ге дейінгі кезеңде бір реттен артық емес жүзеге асырылады.

Қарыз алушымен өзара іс-қимыл кезінде оған берілетін ақпарат бойынша талаптар белгіленді, атап айтқанда кредитор мыналарды атап айтуы тиіс:

- ұйымның атауын;
- ұйымның орналасқан жерін;
- өзінің аты-жөнін, лауазымын;
- шартта көзделген берешектің, негізгі борыштың, сыйақының, комиссиялардың, айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мерзімі өткен және ағымдағы сомалары қалдығының құрылымдарын;
- қарыз алушының шартта, "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жауаптылығы және өзге де міндеттемелерін.

Сондай-ақ қаулымен мынадай жосықсыз әрекеттердің тізбесі енгізілді:
- мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушыға және (немесе) оның өкіліне және (немесе) үшінші тұлғаға ұйым қызметкерінің дәйексіз тектерін, және (немесе) аттарын және (немесе) әкесінің аттарын (ол бар болса), сондай-ақ орналасқан жері және (немесе) лауазымы туралы шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді  хабарлау;
- мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушыны және (немесе) оның өкілін және (немесе) шарттың шеңберінде ұйыммен міндеттемелермен байланысты үшінші тұлғаны берешектің мөлшеріне, сипатына және туындау негіздеріне қатысты жаңылыстыру;
- өзара іс-қимыл жасалатын адамның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді тарату не осы адамның мүдделеріне мүліктік зиян келтіруі мүмкін мәліметтерді жария ету;
- мерзімі өткен берешекті реттеу және (немесе) өтеу үшін қарыз алушының орналасқан жері және (немесе) байланыс деректері белгіленген жағдайларды қоспағанда, шарттың шеңберінде ұйыммен міндеттемелермен байланысты емес үшінші тұлғамен өзара іс-қимыл жасау.

Тиісті түзетулер 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу