Тиісті жаңашылдық оқушылар саны 1 мыңнан асатын білім ордаларына қатысты. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ведомство басшысы мектеп медицинасын жаңғырту шеңберінде бірқатар шаралар іске асырылып жатқанын баяндады.
"Олардың қатарында мейіргер жүктемесін азайту (мектеп мейіргерінің 700 балаға 1 ставкасы 500 балаға 1 ставка деп азайтылды), 1000-нан астам оқушысы бар мектептерде стоматологиялық аурулардың алдын алу кабинеттерін ашу, медициналық-санитариялық алғашқы көмек жанындағы мектеп медицинасы бөлімшелерін ұйымдастыру бар. Сондай-ақ, кәсіптік тексерулер жүргізу тәртібін қайта қарау және мамандардың біліктілігін арттыру да бар", - деді Ақмарал Әлназарова.
Цифрландыру бойынша автоматтандыруға арналған келесі IT-шешімдер енгізіліп келеді:
- вакцинациялауды және тексеруді жоспарлау;
- балалардың өтініштерін онлайн тіркеу;
- eGov және СМС арқылы ата-аналармен 1414-пен байланыс;
- "Күнделік", "Bilim.Class", "Білімал" "EDUS.Mektep" жүйелерімен интеграциялау.