Енді пара беруге уәде еткендер қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін

274

Бұл норманы пысықтау барысында халықаралық тәжірибе зерделенген. 

Енді пара беруге уәде еткендер қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін Фото: Ақмешіт жастары

Қазақстанда пара беруге уәде ету немесе пара беруді ұсыну үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылы агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов Мәжілісте тиісті түзетулерді қамтитын заң жобасын таныстырды. 

"Бұл заң жобасының негізгі бастамаларының бірі. Қылмыстық кодекске пара ұсынуды немесе оны беруге уәде етуді криминализациялау бойынша түзетулер, біріншіден, Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын орындау үшін заң жобасына енгізілген. Осы жоспардың 41-тармағына сәйкес Агенттікке пара ұсынғаны/оны беруге уәде еткені үшін қылмыстық жауаптылықты енгізуді көздейтін заң жобасын Мәжіліске енгізуді қамтамасыз ету тапсырылды. Екіншіден, бұл мәселе 16 жылдан бері күн тәртібінде тұр. 2008 жылдың мамыр айында Қазақстан ратификациялаған Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында (15 және 16-баптар) қылмыстық жазаланатын әрекеттер ретінде параны уәде етуді, ұсынуды, параны бопсалауды тану жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдау қажеттілігі туралы көрсетілген", – деді ол.

Пара ұсынуды және оны беруге уәде етуді криминализациялау бойынша ұсынымдар Экономикалық Ынтымақтастық пен Даму Ұйымы сарапшыларының есептерінде тұрақты негізде қамтылған.

"Пара беруге пара ұсынуды/оны уәде етуді қылмыс деп тану бойынша түзетулерді пысықтау барысында алыс және жақын шет елдердің халықаралық тәжірибесі мұқият зерделенді. Мысалға, ОЭСР-дің (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының) барлық 38 елінде пара ұсынғаны/оны уәде еткені үшін қылмыстық жауапкершілік бар. Өйткені оның заңнамада болуы – бұл ұйымға кірудің міндетті шарты. Бұл норма посткеңестік аймақтағы көптеген мемлекеттердің заңнамасында да көзделген (Әзірбайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Литва, Молдова, Украина, Эстония)", – деді Ұлан Сарқұлов.

Айта кету керек, осыған дейін елімізде жемқорлардың жария тізімі пайда болатынын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу