Енді пара нақты берілмесе де, оны ұсыну қылмыс ретінде қарастырылады

973

Тиісті тәсіл  халықаралық антикоррупциялық стандарттарға толық сай келеді.  

Енді пара нақты берілмесе де, оны ұсыну қылмыс ретінде қарастырылады Фото: freepik.com

Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң мен оған ілеспе түзету екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сенатор Әлішер Сатвалдиевтің айтуынша, заңдардың басты жаңалықтарының бірі – мүдделер қақтығысының алдын алу тетіктерін күшейту.

"Енді мүдделер қақтығысы әлеуетті, нақты және орын алған деп нақты ажыратылады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерге қызметтік өкілеттіктерін жеке мүдде үшін пайдалануға тыйым салынады. Маңызды өзгерістердің бірі – жеке мүдделер туралы декларация енгізілуі. Бұл мемлекеттік қызметтегі ашықтықты арттырып, жемқорлық тәуекелдерін ерте анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ туыстық байланыстар арқылы қызметтік ықпал етуге жол бермеу үшін қосымша шектеулер енгізілуде. Яғни, жақын туыстар мен өзге де байланысты тұлғалардың бір құрылымда тікелей ықпал ететін қызметтер атқаруына шектеу қойылады", – деді ол.

Заңда қылмыстық жауапкершілік мәселелері де күшейтілген.

"Атап айтқанда, пара ұсыну, пара беруге уәде ету және пара талап ету әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Енді пара нақты берілмесе де, оны ұсынудың өзі қылмыс ретінде қарастырылатын болады. Мұндай тәсіл  халықаралық антикоррупциялық стандарттарға толық сәйкес келеді. Сонымен қатар тұрмыстық жемқорлықпен күрес шаралары күшейтіледі. Мұғалімдер, дәрігерлер және басқа да қызмет көрсету саласы өкілдерінің заңсыз сыйақы алуына қатысты жауапкершілік қатаңдатылады. Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша да жауапкершілік күшейтіліп, айыппұл көлемі ұлғайтылады және жауапқа тарту мерзімдері ұзартылуда", – деп атап өтті сенатор.

Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда цифрлық кадрлық жүйе енгізіледі. Айта кету керек, бұған дейін шенеуніктер енді тағы бір декларация тапсыруы мүмкін екенін жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу