Енді Ыстықкөлге бару үшін Қырғызстанға Көлсай арқылы өтуге болады

785

Алғаш рет бұл бағытта құрамында екі елдің өкілдері бар делегация жүріп көрмек. Саяхатшылар қашықтықты жаяу, тау-тасты аралап жүріп еңсереді.

Енді Ыстықкөлге бару үшін Қырғызстанға Көлсай арқылы өтуге болады

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы трансшекаралық жол араға 13 жыл салып қайта жанданды. Енді еліміздің тұмса табиғатын тамашалауға келетіндер саны бұрынғыдан да арта түспек. Екі жақтың туризм саласын дамыту мәселесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мамыр айында Қырғызстанға барған ресми сапары аясында көтерілген еді. Арада көп уақыт өтпей, жоспар жүзеге асты, деп хабарлайды  inbusiness.kz Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.

Туристердің делегациясы алғаш рет Қазақстаннан Қырғызстан шекарасына Көлсай арқылы өтеді. Құрамында екі елдің туризм индустриясы комитетінің басшылығы мен әуесқой эко-туристер бар. Көрші елге дейін баратын жолдың ұзақтығы шамамен 25 шақырым болады. Бұл қашықтықты саяхатшылар жаяу, тау-тасты аралап жүріп еңсереді. Ол үшін жолға қажеттінің бәрін қамдап алған.

"Мен бұл трансшекаралық жолмен алғаш жүріп Қырғыстанға өткелі тұрмын. Әрине, қобалжу басым. Шамамен 25 шақырым жолды 3 күн жүріп өтеміз деп жоспарлап отырмыз. Тау бөктерінде қонып, жолда тамақтанамыз. Екі елдің бұл шекараны ашқанына қуаныштымын. Бұл тек туризм саласын ғана емес, екі жақтың сауда-экономикалық бағытына да оң өзгеріс әкеледі деп сенеміз", - деп пікірін бөлісті турист Марина Кадникова.

Бұған дейін бұл трансшекаралық жол екі елдің саяси келісімдеріне байланысты 2009 жылы жабылған болатын. Салдарынан қазақстандықтар Қырғыстанға Нарынқол ауданының Кеген ауылы арқылы шығып жүрді. Көрші елге барар жалғыз шекарада кептеліс көп әрі тексеріс ұзақ екенін айтып көпшілік шағымданған еді.

"Біздің қырғыздық әріптестермен пилоттық режимде өткелі жатырмыз. Сол маршруттың қауіпсіздігін тексеріп, ары қарай тиісті нормативтік базаны жетілдіру арқылы маршруттарды келесі жылы қайтадан жаңғыртамыз", - деп мәлімдеді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.

Айта кетсек, Көлсай мен Қайыңды көлдерін тамашалауға келетіндердің саны жылдан жылға ұлғайып келеді. Мәселен 2020 жылы 80 мың турист келсе, былтыр олардың саны екі есеге дейін ұлғайған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу