Жаңартылған жол Жаңаөзеннен Түрікменстан шекарасына дейінгі жолды 5 сағатқа қысқартады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Маңғыстау облысында республикалық маңызы бар "Жетібай – Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан шекарасы" автожолының 179-229 шақырым аралығындағы 50 шақырымдық учаскесінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Бұл учаскенің жаңаруы Қазақстанның Түрікменстан және Иран бағытындағы транзиттік әлеуетін арттыруға, сондай-ақ Кендірлі курорттық аймағының көлік қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді. Жөндеу аяқталғаннан кейін жолдың өткізу қабілеті шамамен екі есе артып, Жаңаөзеннен Түрікменстан шекарасына дейінгі жол жүру уақыты орта есеппен 7 сағаттан 2 сағатқа дейін қысқарады, – делінген хабарламада.
Жоба аясында:
– 50 шақырымда жер жұмыстары орындалды;
– 49,7 шақырымда геотекстиль төселді;
– 49,7 шақырымда С4 қиыршық тас пен құм қоспасы төселді;
– 33 шақырымда қара қиыршықтастан жоғарғы негіз қабаты төселді;
– 28 шақырымда ірі түйіршікті асфальтбетон жамылғысы төселді.
Компания атап өткендей, жаңартылған жол халықаралық транзиттік байланысты күшейтіп, жүк тасымалының тиімділігін арттыруға және өңірдің экономикалық әрі туристік әлеуетін дамытуға серпін береді.