Енді жастарды да скринингтік зерттеу жоспарланып отыр

650

Бұған дейін скринингтік зерттеулер 30 жас пен 70 жас аралығында жүргізілетін.

Енді жастарды да скринингтік зерттеу жоспарланып отыр

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ел тұрғындарын профилактикалық тексеру қызметтерін кеңейту туралы бұйрықты бекітті, деп жазды inbusiness.kz. 

Жаңашылдықтар елдің ауыл халқына медициналық қызметтердің қолжетімділігін жақсарту мақсатында зерттеу түрлері мен нысаналы топтарды кеңейтуге қатысты.

"Бұл қалалық және ауылдық халық арасында медициналық қызметтердің қолжетімділігі бөлігінде орын алып отырған дисбалансты кезең-кезеңімен теңестіруге, сақтандырылмаған халықты медициналық көмекпен көбірек қамтуды қамтамасыз етуге, тұтастай алғанда, ауыл халқы арасында аурулардың алдын алуға бейілділік мәдениетін арттыруға мүмкіндік береді", – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

Осылайша, ауыл тұрғындарын профилактикалық тексеруді жүргізу үшін жаңа нысаналы топты анықтау есебінен 18 жастан 29 жасқа дейін халықты қамтуды ұлғайту көзделген. 

Айта кетер жайт, бұған дейін жастар 30 жастан 70 жасқа дейінгі скринингтік зерттеулермен қамтылмаған. Жастарды зерттеу жүрек-қантамыр жүйесінің, қант диабетінің, асқазан мен бүйректің созылмалы ауруларының, онкологиялық ауруларды (қуық асты безінің) ерте сатыда анықтауға мүмкіндік береді.

"Ауылдық жерлерде профилактикалық тексерулер жүргізу үшін 4 нысаналы топ айқындалды. "Жастар" 18 жастан 29 жасқа дейін, "Еңбек – 1" 30 жастан 44 жасқа дейін, "Еңбек – 2" 45 жастан 65 жасқа дейін және "Зейнеткер" 66 жас және одан жоғары.
Ауыл тұрғындарына асқазан-ішек жолы, зәр шығару жүйесі, ересек жастағы топтағы туберкулез және қуықасты безі обырын ерте анықтау қызметтері кеңейтілді", – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

0 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық қарап-тексеруді ұйымдастыруды жетілдіру мақсатында биылғы жылы 1 жас, 3, 6 және 14 жас аралығындағы балаларға назар аудара отырып, зертханалық зерттеулердің қосымша әдістерін қоса отырып, профилактикалық қарап-тексеру пакеттерін кеңейту жоспарлануда. Көрсетілген жас санаттарында қосымша жалпы клиникалық зертханалық талдаулар енгізілген.

Сонымен қатар, жастар денсаулық орталықтарының базасында жасөспірімдер, оның ішінде жыныстық жолмен берілетін аурулардың, мінез-құлықтық қауіп факторларының, ерте жүктіліктің, суицидтердің, лудоманияның және психикалық, репродуктивтік денсаулықтың басқа да бұзылуының алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу