Хьюстон (АҚШ) – CERAWeek халықаралық конференциясы аясында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Chevron корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Майкл Уиртпен екіжақты кездесу өткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Chevron корпорациясының 30 жылдан астам уақыт бойы еліміздегі Теңіз және Қашаған кен орындарында озық технологияларды енгізе отырып, ең ірі шетелдік инвестор ретінде орныққаны атап өтілді.
Ерлан Ақкенженов өз кезегінде негізгі жобалардың тұрақты жұмысына назар аударып, Теңіздегі Болашақ кеңейту жобасының (БКЖ) сәтті аяқталғанын атап өтті. Сонымен қатар, Қарашығанақта өндірістік қуаттарды кезең-кезеңімен арттыру және Солтүстік Каспий жобасы аясында тиімді өндіруді сақтау бағытындағы жоспарымен бөлісті.
Келіссөзде экспорттық логистиканы дамыту жайы да сөз болды. Тараптар маршруттарды әртараптандыру және Транскаспий халықаралық көлік маршрутының (Орта дәліз) әлеуетін арттыру мәселелерін көтерді.
Басқосуда екіжақты серіктестіктің стратегиялық мәні айқындалды. Қазақстан тарапы шетелдік инвесторлармен ынтымақтастықтағы негізгі басымдықтарын атап өтті: елдің ішкі нарығын ұзақмерзімді энергиямен қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізуді қолдау және ірі жобалардың халыққа әлеуметтік-экономикалық пайдасын арттыру.
Кездесудің соңында Ерлан Ақкенженов пен Майкл Уирт Қазақстанның ірі мұнай-газ жобаларын тұрақты әрі ұзақмерзімді дамытуға бағытталған диалогты жалғастыруға келісті.