Женева қаласында ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйымның (CERN) бас директоры Фабиола Джанотти ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты халықаралық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп хабарлады энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
"Қазақстанда казіргі уақытта ядролық ғылым мен техника саласында іргелі және қолданбалы зерттеулер дамып жатыр. Оған ядролық физика институты,
ұлттық ядролық орталық, қазақ ұлттық, Еуразия ұлттық университеттері белсенді қатысуда. Осы келісім үлкен мәртебеге ие болып, іргелі ядролық физика саласындағы ынтымақтастықтың деңгейін көтеруге мүмкіндік береді деп үміттенеміз", - деді журналистерге Қанат Бозымбаев.
Министр Қазақстан ғалымдарының атом энергиясын бейбіт пайдалану саласындағы қызметтің негізгі бағыттары ядролық физика бойынша іргелі зерттеулер, қарапайым бөлшектер физикасы және жоғарғы энергиялар физикасы, қатты денелердің радиациялық физикасы, ядролық физика бойынша қолданбалы зерттеулер, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және медицинада ядролық технологияларды әзірлеу және қолдану болып табылатынын атап өтті.