Энергетика министрлігі газ сатып алудың жаңа формуласын әзірледі

490

Ақтөбе облысын газдандыру деңгейі 93,6% құрайды немесе 869 мыңға жуық адам табиғи газға қол жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.  

Энергетика министрлігі газ сатып алудың жаңа формуласын әзірледі Фото: ortcom.kz

2022 жылы Энергетика министрлігінің бюджеттік бағдарламасы шеңберінде 16 жобаны іске асыруға 6,1 млрд тг. бөлінді, оның ішінде 7 жоба аяқталды. Тиісінше 4,4 мың адам тұратын 7 елді мекен табиғи газға қол жеткізді.

2023 жылы 7 жобаны іске асыруға 6,7 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған, оның ішінде биыл 4 жобаны аяқтау жоспарланып отыр, бұл 4 елді мекенді немесе 3 мыңнан астам адамды табиғи газға қосуға мүмкіндік береді.

ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың ақпараты бойынша мемлекеттік теңгерімдегі газдың алынатын қорлары  шамамен 153,6 млрд текше метрді құрайды.

Бәсекеге қабілеттілікті арттыру және күрделі жобаларды әзірлеуге қосымша инвестициялар тарту, жағдайлар жасау үшін жаңа тетік – күрделі мұнай-газ жобалары үшін реттеушілік және фискалдық преференцияларды көздейтін жақсартылған модельдік келісімшарт енгізілді.

ҚР Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдаланушыларды газ өндіру мен қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға ынталандыру, сондай-ақ газ кен орындарын игеруге инвестиция салу үшін газ сатып алудың жаңа формуласын әзірледі.

2022 жылы Ақтөбе облысында орналасқан 19 жер қойнауы учаскесі бойынша аукцион өтті: 8 жер қойнауы учаскесі бойынша келісімшарт жасалды, 4 жер қойнауы учаскесі бойынша келісімшарт жасасу күтілуде. Осы учаскелер бойынша геологиялық барлауға инвестициялар 38,5 млн долларды құрайды.

Сонымен қатар ҚР Энергетика вице-министрі сұйытылған мұнай газын ішкі тұтыну көлемі өсіп келе жатқанын атап өтті, бұл 2022 жылы еліміз бойынша 1,8 млн тоннаны құрады (2021 жылмен салыстырғанда 400 мың тоннаға ұлғайды.). Өндірушілер үшін инвестициялық тартымдылықтың төмендігіне байланысты СМГ өндірісі 2022 жылы шамамен 400 мың тоннаға қысқарды.

Бұл ретте Қазақстанда сұйытылған мұнай газының бөлшек сауда бағасы өңірге байланысты 1 литр үшін 50-ден 70 теңгеге дейінгі деңгейде. Көрші елдермен салыстырғанда Қазақстанда  сұйытылған мұнай газының бағасы 3-4 есе төмен. Ақтөбе облысы үшін оның бағасы 1 литр үшін 50-55 теңгені құрайды.

Өңірде 3 газ толтыру станциясы және 196 автомобильге газ құю станциясы бар. Облыста СМГ тұтыну 2022 жылы 154,5 мың тоннаны, 2023 жылдың қаңтар-ақпан кезеңінде 26  мың тоннаны құрады.

2023 жылы сұйытылған мұнай газының айналымын реттеу процестерінің реинжинирингі мәселелері бойынша Заң қабылданады деп күтілуде. Сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек сауда бағаларын мемлекеттік реттеуді 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту көзделген.

Ақтөбе облысы мұнай өндіру көлемі бойынша 4-ші мұнай өндіруші өңір болып табылады, оның үлесіне ел бойынша мұнай өндірудің жалпы көлемінің шамамен 6%-ы тиесілі. Жалпы өңірде өндірілетін мұнай қоры шамамен 190,8 млн тоннаны құрайды.

ҚР Энергетика министрлігі стационарлық автожанармай құю станцияларында АИ-80, 92-93 бензиндерін, жазғы және маусымаралық дизель отынын бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын реттеуді белгіледі. Қазақстанда дизель отыны, АИ-92, АИ-95 бензинінің 1 литрі үшін бөлшек сауда бағасы көрші мемлекеттермен салыстырғанда едәуір төмен, бұл отандық мұнай өнімдерін сыртқа әкетуге ықпал етеді және ішкі нарықта тапшылықты тудырады.

Отандық мұнай өнімдерін әкетуді болдырмау мақсатында Энергетика министрлігі дизель отынына сараланған бағалар белгілеп, мұнай өнімдерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салу мерзімін ұзартты.

Бұдан басқа, мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу жүйесінде өнімсіз делдалдарды болдырмау мақсатында заңнамалық нормалар қабылданды.

Түзетулер шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылар немесе олармен үлестес тұлғалар өңдеу үшін мұнайды тікелей жеткізуді, мұнайды тікелей мұнай өңдеу зауыттарының өздерінің сатып алуын, мұнай өнімдерін тек меншік немесе жалға алу құқығында мұнай базалары бар тұлғаларға көтерме жеткізуді жүзеге асыру ұсынылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу