ЭКСПО кеңсесінде "Астана ЭКСПО-2017" АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов энергетика министрі Қанат Бозымбаевпен жиналыс өткізді. Екі тарап ЭКСПО-2017 көрмесіндегі еліміздің ұлттық павильонындағы дайындық жұмысын талқылады, деп хабарлайды Ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
"Қазақстан" павильоны басты екі аймаққа бөлінген: Қазақстанмен танысу және "Жасампаз энергия" аймақтары.
Павильонның бірінші бөлігінде еліміздің ландшафты, мәдениеті, тарихы, болашақта қолға алынатын жобалары көрсетіледі. "Жасампаз энергия" аймағында Көрмеге сай тақырыпты қамтитын ғалымдарымыздың ең үздік жобалары көрсетіледі.
Сондай-ақ елбасының энергетика саласындағы және қоршаған ортаны қорғау тақырыбындағы бастамалары да қамтылады. Одан өзге, ұлттық павильонымыздың орталық бөлігінде еліміздің өңірлерінде жүзеге асқан және қолға алынған "Жасыл экономика" мен "Тоқамақ термоядролық материалтану реакторы" жобалары да таныстырылады.
Тоқамақ – ITER деңгейіндегі энергияға қосылған материалдарды сынақтан өткізуге және зерттеуге арналған термоядролық қондырғы, сондай-ақ болашақ энергиялық термоядролық реакторлар жобасы.