Энергетика министрлігі 2025 жылғы желтоқсан айында Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы арқылы мұнай жөнелту көлемінің төмендеуіне қатысты түсініктеме берді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Бұл жағдай ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылы салдарынан қашықтағы айлақ құрылғысының (ВПУ-3) жұмысын мәжбүрлі түрде тоқтатумен, сондай-ақ Қара теңіз акваториясындағы қолайсыз метеорологиялық жағдайларына (дауылдар) байланысты болды. Аталған факторлардың салаға әсерін барынша азайту және мұнай өндірудің тоқтап қалуына жол бермеу мақсатында экспорттық ағындарды қайта бөлу бойынша жұмыс жүргізілді. Мұнай көлемінің бір бөлігі баламалы бағыттарға қайта бағдарланды. Атап айтқанда, Атырау-Самара бағыты бойынша тасымал көлемінің артқаны және Қытай Халық Республикасына жеткізілімдердің ұлғайғаны тіркелді", – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.