Энергетика саласына қатысты министрліктер міндеттері ауысады

172

Енді Энергетика министрлігі жылу энергиясын өндіру мен тасымалдаумен айналысса, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жаңа жылу желілерін салуға жауапты. 

Энергетика саласына қатысты министрліктер міндеттері ауысады Фото: Kazpravda.kz

Бөлек "Жылу энергетикасы туралы" заң сенат отырысында бірінші оқылымда мақұлданды, деп жазады Inbusiness.kz сайты.

Ең бастысы, жаңа Заң негізінде жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту, бақылаудың жаңа түрлерін енгізу: қашықтықтан, жоспарлы, жоспардан тыс тексерулер, тергеулер жүргізу көзделген.

Жылу энергетикасы саласындағы құзыреттер мен жауапкершіліктер қайта бөлінетін болады.

"Энергетика министрлігіне жылу энергиясын өндіру мен тасымалдау жөніндегі функциялар бекітіледі. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа қатысты жылумен жабдықтау жүйелеріне және жаңа жылу желілерін салуға жауапты. Ұлттық экономика министрлігінде тарифтік реттеу мәселелері қалады", — деді сенатор Сағындық Лұқпанов.

Сондай-ақ, орталықтандырылған жылумен жабдықтаудың жылу желілеріндегі бақылау функциялары жергілікті атқарушы органдардан Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетіне ауысатын нормалар көзделген.

Сонымен қатар жаңа құралдар – жылумен жабдықтауды дамытудың ұзақ мерзімді және орта мерзімді схемалары мен жылу энергетикасының жай-күйін мониторингілеу енгізіледі. Жылумен жабдықтауды дамыту схемаларын жергілікті атқарушы органдар әзірлейді, мәслихаттар бекітеді.

Жылумен жабдықтау жүйелері үш бағытқа бөлінеді: орталықтандырылған; жергілікті; жеке. Жылумен жабдықтау субъектілерінің меншік иелері объектілердің тиісті жұмыс істеуін қамтамасыз етуге міндетті болады.

Ілеспе Заң қолданыстағы заңнаманы "Жылу энергетикасы туралы" Заңға сәйкес келтіру мақсатында әзірленді және 3 кодекс пен 6 заңға түзетулер енгізуді көздейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу