Келіссөздер барысында тараптар энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-чех Үкіметаралық комиссиясы аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың маңыздылығын атап өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Салалық ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылды жандандырып, мамандандырылған жұмыс тобы аясында жұмысты қайта қарқын қосамыз. Ерекше назар энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, генерациялау қуаттарын салу және жаңғырту, электр энергиясы нарығын дамыту, білікті кадрларды даярлау, сондай-ақ чех компанияларының Қазақстан аумағындағы бірлескен инвестжобаларға қатысуын кеңейту мәселелеріне аударылмақ", - деп атап өтті вице-министр.
Сондай-ақ ҚР Энергетика министрлігі мен Чехияның "ZVVZ Engineering" компаниясы арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат энергетика саласын экологияландыру және жаңғырту бағытындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Меморандум шарттарына сәйкес, тараптар Қазақстанда сүзгілеу жабдықтарының жергілікті өндірісін ұйымдастыру, энергетика саласындағы қазақстандық мамандарды оқыту, сондай-ақ ТЭН әзірлеу және елдегі көмір электр станцияларында заманауи сүзгілеу қондырғыларын енгізу бойынша өзара іс-қимыл жасауға келісті. Аталған құжатқа қол қойылуы Қазақстанға Чехияның озық технологияларын тартуға, отандық электр станцияларының экологиялық тиімділігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сондай-ақ, қазақстандық делегация бу турбиналарын өндіру бойынша әлемдегі жетекші кәсіпорындардың бірі — Doosan Škoda Power зауытына барып, турбиналарды жаңғырту және реновациялау технологияларын қоса алғанда, өндірістің толық циклымен, сондай-ақ компанияның зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық орталығының (R&D) жұмысымен танысты. Ерекше назар жабдықтың қызмет мерзімін ұзарту және инновациялық шешімдерді енгізу мәселелеріне аударылды. Кездесу соңында тараптар Doosan Škoda Power технологияларын Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған энергетикалық нысандарды жаңғырту және жаңарту мақсатында қолдану мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.