Бұған дейін сенаторлар аталған заңды қарап, оларға бірқатар өзгерістер енгізіп, Парламент Мәжілісіне қайтарған болатын.
Сол тұста сенатор Бекболат Орынбеков аталған құжаттар пакетінің қабылдануымен ұлттық энергетикалық жүйені заңсыз жұмыс істейтін майнерлерден қорғау сияқты міндеттер шешетінін хабарлаған болатын.
"Ол үшін майнерлер пайдалана алатын электр энергиясы көздерінің тізімі жасалады. Олар жаңартылатын энергия көздерін, импорттық электр энергиясын және өз өндірісін пайдалана алады", – деген еді сенатор.
Түзетулер майнерлерге электр энергиясын тікелей мемлекеттік электр жүйесінен тұтынуға тыйым салады. Олар жалпы энергетикалық жүйеде артық болған жағдайда ғана және электр энергиясы мен қуат нарығының қазақстандық биржасы арқылы ғана алып, тұтына алады.
Бұл ретте сауда тек нарықтық тетіктермен жүзеге асырылатын болады.