Энергия беруші ұйымдардың саны 162-ден 110-ға қысқарады

731

Электр энергиясын өндіру секторына 62 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды.

Энергия беруші ұйымдардың саны 162-ден 110-ға қысқарады

Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев ведомстваның кеңейтілген алқа отырысында энергия беруші ұйымдарды ірілендіру тетігі анықталғанын айтты.

"Өңірлік электржелілік компанияларды ірілендіруге бағытталған "Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам Ұлт жоспарының" 51-қадамын жүзеге асыру жалғасып жатыр. Бүгінге дейін энергия беруші ұйымдарды ірілендіру үшін кезең-кезеңмен енгізілетін талап белгіленді. Қабылданған шаралар талапқа сай келмейтін энергия беруші ұйымдарды өзара немесе өңірлік электр желілік компаниялармен біріктіру арқылы ірілендіру, сондай-ақ электр энергиясын беру жөніндегі қызметін тоқтатуға бағытталған. Нәтижесінде энергия беруші ұйымдардың саны 30%-ға, яғни 162-ден 110-ға қысқарады", – деді Нұрлан Ноғаев.

Министрдің мәлімдеуінше, 2017-2019 жылдар аралығында иесіз жатқан 2 350 шақырым желі 225 шақырымға қысқартылған. Қазір мұндай желілердің ұзындығы 2125 шақырымды құрайды.

"Жергілікті атқарушы органдар иесіз нысандарды анықтау жұмысын жалғастырып жатыр", – деді Нұрлан Ноғаев.

Оның сөзінше, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап электр энергиясы нарығымен қатар электр энергиясын өндіру секторының инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етуге бағытталған электр қуаты нарығы жұмыс істей бастады.

Нәтижесінде былтыр электр энергиясын өндіру секторына 62 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу