Бұл туралы бізге "Жасыл Құрылыс" қауымдастығының президенті Нұрлан Көптілеуов айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қалалардағы тұрғын үйлерді салу кезінде энергия үнемдеу мәселесіне де жіті көңіл бөлген жөн. Нұрлан Көптілеуовтің айтуынша, ірі қалаларда тұрғын үйлердің жылуды қаншалықты сақтайтынына, жылыту және жарықтандыру жүйелерінің тиімділігіне қойылатын талаптарды біртіндеп күшейту керек. Мұның тұрғындардың коммуналдық шығынын азайтуға да септігі тиеді.
– Энергия тиімділігі мен жасыл экономика – Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуының маңызды бағыттарының бірі. Энергияны үнемдеу – тек шығынды азайту емес, ұлттық ресурстарды ұқыпты пайдалану мәдениеті. Бұл мәдениет күнделікті өмірден, әрбір отбасы мен әрбір тұрғын үйден басталады. Сондықтан энергия тиімділігін тек өндіріс немесе энергетика саласының мәселесі ретінде қарастыру жеткіліксіз, – дейді Нұрлан Көптілеуов.
Қауымдастық президентінің пікірінше, энергия үнемдеу мәдениетін қалыптастыруда "Таза Қазақстан" бастамасының да орны ерекше. Аталған бастама аясында халықтың су, жылу және электр энергиясын ұқыпты пайдалануына баса мән берген жөн.
– Адам суды, жылуды және электр энергиясын ұқыпты пайдалануды күнделікті әдетке айналдырғанда, бұл жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның мәдениетіне әсер етеді. Бұл әсіресе көпқабатты тұрғын үйлерде маңызды, өйткені бір үйдегі мыңдаған тұрғынның ұжымдық тәртібі нақты экономикалық және экологиялық нәтиже береді. Энергия тиімділігіне қойылатын талаптар тұрғындарға қосымша міндет жүктеу үшін емес, өмір сүру сапасын арттыру және болашақ шығындарды азайту үшін енгізілуі керек, – дейді кейіпкеріміз.
Нұрлан Көптілеуов мұндай талаптардың енгізілуі отандық құрылыс саласына да оң ықпал ететінін айтады. Оның сөзінше, энергия тиімділігі стандарттарын қалыптастыру жасыл құрылыс технологияларының кеңінен қолданылуына жол ашады. Бұл іске мемлекеттік органдармен қатар құрылыс компаниялары мен тұрғындардың өздері де атсалысуы қажет.
– Меніңше, Қазақстандағы жаңа экологиялық мәдениеттің маңызды белгілерінің бірі – табиғатты қорғау ғана емес, әрбір ресурсты тиімді пайдалану мәдениеті. Сондықтан энергия үнемдеу стандарттарын қалыптастыру "Таза Қазақстанның" экологиялық мәдениет пен қоғамдық жауапкершілікті күшейтетін мазмұнымен табиғи түрде сабақтасады. Бұл бүгінгі үнемдеу ғана емес, келешек ұрпаққа қалатын жауапты даму мәдениеті, – деп сөзін қорытындылады "Жасыл Құрылыс" қауымдастығының президенті.