ЕО АҚШ-қа қарсы жауап дайындап жатыр

164

Кәрі құрлықтағы елдер Гренландия мәселесінде Вашингтон ұстанымына қарсы көзқарастарын білдірді.  

ЕО АҚШ-қа қарсы жауап дайындап жатыр Фото: "Анадолы" агенттігі

Еуропалық одақ АҚШ-тың Гренландия мәселесіне қатысты әрекеттеріне жауап ретінде қарсы баж салығын енгізуі немесе америкалық компаниялардың өз аумағындағы қызметін шектеуі мүмкін, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Коштаның айтуынша, жақын күндері Брюссельде ЕО елдері көшбасшыларының кезектен тыс саммиті өтеді. Онда АҚШ-тың қадамдарына одақтың ортақ жауабы талқыланады.

18 қаңтарда кешке Еуроодақ елдерінің елшілері шұғыл жиын өткізді. Кездесу барысында АҚШ-қа қарсы жауап шараларының түрлі нұсқалары қарастырылғанымен, әзірге нақты шешім қабылданған жоқ.

Reuters агенттігінің мәліметінше, талқыланып жатқан шаралардың қатарында америкалық тауарларға баж салығын енгізу бар. Олардың ішінде виски, авиациялық бөлшектер, соя және құс еті бар. Жалпы көлемі шамамен 93 млрд еуроны құрауы мүмкін. Мұндай шектеулер автоматты режимде енгізілуі ықтимал.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Еуропаның 8 еліне қарсы баж салығын енгізетінін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, бұл шаралар Гренландияға бақылау орнату мәселесінде "АҚШ-қа қарсы әрекеттерге жауап" ретінде қабылданады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу