ЕО елдері Еуропалық комиссияның тыйым салынған ресейлік активтерден алынған пайданы аудару жоспары туралы келісті. Ақша арнайы қорға түседі. Одан кейін, оны Украинаны қалпына келтіру үшін пайдалануға болады. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Financial Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Шешім Еуроодақтың тұрақты өкілдерінің отырысында бірауыздан қабылданды және ол алдағы апталарда ресімделуі қажет.
Келісімге сәйкес, Euroclear депозитарийінің тыйым салынған активтерді инвестициялаудан түскен пайдасы бөлек жазылады және акционерлерге төленбейді. Кейіннен ол Украинаға мақсатты қолдау көрсету үшін ЕО-ның арнайы қорына беріледі. Бұл аудару туралы шешімді ЕО-ның барлық елдері де бірауыздан қолдауы тиіс.
Келісім жобасында атап өтілгендей, мұндай механизм "Келісімшарттық міндеттемелерге, сондай-ақ, ЕО құқығы мен халықаралық құқыққа сәйкес келеді".