Ресейге қарсы санкциялардың алтыншы пакеті аясында Еуропалық Одақ Ресейдің үш мемлекеттік телеарнасының көрсетіліміне тыйым салады. Бұл туралы Еуропалық комиссияның басшысы Урсула фон дер Ляйен мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Нақты қай телеарналардың қара тізімге енгені кейін жарияланады
"Біз Ресейдің үш арнасының одақ аумағында хабар таратуына тыйым саламыз. Олар енді өз контентін ЕО-да тарата алмайды", – деді ЕК басшысы.
Ол телеарналардың ақпаратты енді жерсерік, интернет не смартфон арқылы ақпарат тарата алмайтынын жариялады.
Фон дер Ляйеннің айтуынша, санкцияларға ұшыраған арналар жалған насихатпен айналысуда. "Біз оларға өтірікті тарату үшін алаң ұсынбауымыз керек", – деді ол.
Бұған дейін Еуропалық комиссия басшысы ЕО санкцияларының алтыншы пакеті аясында ресейлік мұнай импортына толық тыйым салынатынын мәлімдеді.
Табиғат Нұрболат