Еуропалық Одақ елдерінің басшылары Ресейге қарсы санкциялардың алтыншы пакетін мақұлдады. Жаңа шектеулер бойынша, Ресейден әкелінетін мұнайды импорттауға ішінара эмбарго енгізу және Сбербанкті SWIFT жүйесінен ажырату қарастырылған, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Ресейлік мұнайды ЕО-ға экспорттауға тыйым салу туралы келісім бойынша Ресейден жеткізілетін мұнайдың үштен екісіне тыйым салынады. Бұл шара Ресейдің әскери машинасының қаржыландырылуын едәуір азайтады. Соғысты тоқтату үшін Ресейге барынша қысым жасалады", – деді Еуропалық Кеңестің басшысы Чарльз Мишель.
Осылайша теңіз арқылы жеткізілетін мұнай тасымалданбайтын болады. ЕО "Дружба" мұнай құбыры арқылы импортталатын ресейлік мұнайға шектеуді әзірге енгізбейді. Өйткені оған Венгрия тәуелді, бұл ел Ресейге толық эмбарго енгізуге қарсы.
Сонымен қатар ЕО басшылары Сбербанкті SWIFT банкаралық төлемдер жүйесінен ажыратуға және Ресейдің тағы үш мемлекеттік БАҚ-ын өз аумағында жұмыс істеуіне тыйым салады.
Табиғат Нұрболат