Эпидемиологиялық жағынан қауіпті орындар жабылады

877

Ашық алаңда орналасқан базарлар күшейтілген санитарлық талаптарды сақтай отыра қызметін жалғастырады. 

Эпидемиологиялық жағынан қауіпті орындар жабылады

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов 5 шілдеден бастап 14 күнге уақытша қызметін тоқтататын нысандарға тоқталды. 

"Эпидемиологиялық жағынан аса қауіпті орындар жабылады. Оның ішінде сұлулық салондары, спорт залдар мен фитнес орталықтар, бассейндер, азық-түлік және азық-түліктік емес жабық базарлар, жағажайлар, аквапарктер, мәдени нысандар, ойын-сауық орталықтары, мектепке дейінгі балалар мекемелері, діни нысандар және басқалары бар. Сонымен қатар сауда орталықтарында орналасқан ойын-сауық нысандары да қызметін тоқтатады. Атап айтсақ, караоке, бильярд, компьютер клубтары, кинотеатрлар, балаларды сауықтыру лагерлері, фудкорттар, банкет залдары қызметіне тыйым салынады", – деген ол мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің кемінде 80%-ның қашықтан жұмыс істеу режимінде қалдыру керектігін айтты. 

"Ал медициналық орталықтар алдын ала жазылу бойынша жұмыс істейді. Дәріханалар, азық-түлік дүкендері мен ашық базарлар жұмыс істей береді. Ойын-сауық, спорт және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, еске алу шараларын өткізуге тыйым салынады. 65 жастан асқан адамдардың сыртқа шығуына және саябақтар мен көшелерде 3 адамнан артық серуендеуге шектеу қойылады. Әйтседе далада жаттығулар жасауға рұқсат етіледі", – деді Ералы Тоғжанов. 

Құралай Құдайберген 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу