EPS жүйесі: Қазақстан Оңтүстік Кореяда азаматтарды заңды түрде жұмысқа орналастыру жайын талқылады

246

EPS-ке қосылу процедурасы үш кезеңнен тұрады.  

EPS жүйесі: Қазақстан Оңтүстік Кореяда азаматтарды заңды түрде жұмысқа орналастыру жайын талқылады Фото: gov.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтарды шетелде қауіпсіз және ашық жұмысқа орналастыру арналарын кеңейту бойынша жұмысты жалғастыруда, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстан бірінші кезеңді – ішкі мемлекеттік келісуді сәтті аяқтады. Қазіргі уақытта еліміз екінші кезеңде – EPS орталығын ашуға арналған нысандармен танысу үстінде. Осы кезеңнің нәтижелері түпкілікті шешім қабылдау кезінде ескерілетін болады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетінің төрағасы Күзенбаев Эльдар Қонысбайұлы Қазақстан Республикасын Employment Permit System (EPS) жүйесіне қосуға дайындық мәселелерін талқылау мақсатында Алматы қаласына барды.

Іссапар аясында EPS жүйесін енгізудің ұйымдастырушылық және практикалық аспектілерін пысықтауға бағытталған жұмыс кездесулері өткізілді. Атап айтқанда, қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру және жұмысқа орналастыру үшін кандидаттарды іріктеу рәсімдерін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Алматы қаласында EPS орталығын және тестілеу орталығын құру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сапар барысында аталған орталықтарды орналастыруға арналған дайындалған нысанға барып, оның әрі қарай жұмыс істеуге дайындығы бағаланды.

Нысандарды аралау Алматы қаласындағы Корея Республикасының Бас консулдығының консулы Ли Чжон Хванмен бірлесіп жүргізілді. Тараптар дайындықтың ағымдағы мәртебесін, сондай-ақ EPS жүйесін енгізу шеңберіндегі ынтымақтастықты одан әрі дамыту қадамдарын талқылады.

Министрлік басқа елдермен де екіжақты келісімдер мен меморандумдар жасасу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Қол жеткізілген нәтижелердің ішінде мыналарды атап өтуге болады:

  • Қатар мемлекетімен келісім (2024 жылғы ақпанда қол қойылды, 2025 жылғы қазанда ратификацияланды), ол Қатардағы қазақстандық жұмыскерлерді жұмысқа орналастыруды реттейді және олардың құқықтарының қорғалуына кепілдік береді;
  • 2025 жылғы ақпанда қол қойылған Ұлыбританияның еңбек заңнамасының бұзылуы мен қанауға қарсы іс-қимыл қызметімен (GLAA) ынтымақтастық туралы меморандум.

Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерімен, Сауд Арабиясымен, Чехиямен, Финляндиямен, Норвегиямен, Польшамен, Швециямен, Италиямен, Словакиямен және Жапониямен ұқсас құжаттар пысықтауға алынды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу