Эпштейннің ісі: депутаттар Мәсімов пен Келімбетовтің атышулы миллиардермен байланысын тексеруді талап етті

134

Бас прокурор мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасының атына депутаттық сауал жолданды.

Эпштейннің ісі: депутаттар Мәсімов пен Келімбетовтің атышулы миллиардермен байланысын тексеруді талап етті Фото: abai.kz

Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов өзінің депутаттық сауалында америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейннің Қазақстанда кіммен байланыста болғанын тексеруді талап етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Асхат Рахымжановтың айтуынша, "Эпштейн файлдары" деп аталатын құжаттардың жариялануы әлемдік саяси сахнаны дүр сілкіндірді. Кейбір елдерде бұл іске қатысы бар тұлғаларға қатысты парламенттік тергеулер басталып, қылмыстық істер қозғалған. Ол бұл мәселеде үнсіз қалуға болмайды деп отыр.

"Жарияланған құжаттарда "ескі Қазақстанның" саяси элитасының өкілдері, яғни мемлекетте аса маңызды қызмет атқарған тұлғалардың аты аталады. Мәселен, бұрынғы премьер-министр және ҰҚК төрағасы, мемлекетке сатқындық жасады және билікті басып алуға әрекеттенді деп айыпталған, қазіргі таңда жазасын өтеп жатқан Кәрім Мәсімов жазбаларда кемінде 8 рет аталады. Құжаттардан Эпштейн мен Мәсімовтің жеке таныс болғаны да байқалады. Осыған байланысты көптеген сұрақ туындайды. Жоғары лауазымды қазақстандық шенеунік неліктен Эпштейнмен кездесуде өзі бастама білдіріп, онымен жүздескен? Бұл кездесулер қайда өткен? Сол атышулы аралда болды ма?", – деді мәжілісмен.

Депутаттың сөзінше, шетелдік БАҚ Эпштейн мен Қайрат Келімбетовтің Нью-Йоркте бірге демалғаны туралы дерекке де назар аударған. 

"Қайрат Келімбетов премьер-министрдің орынбасары болып, Ұлттық банкті басқарды. Осы тұста тағы да сұрақ туындайды. Бұл кездесулер Келімбетовке не үшін қажет болды? Әлде оларды өз мүддесі үшін Эпштейннің өзі ұйымдастырды ма? Хат алмасуларда Мәсімов пен Келімбетовтің Джеффри Эпштейнмен байланыстары мен кездесулері талқыланады, жеке сәлемдемелер жолданып, түрлі ортақ іс-шаралар сөз болады. Сонымен қатар аты аталмаған басқа да тұлғалар, мысалы, мемлекеттік қауіпсіздікке жауапты жоғары лауазымды генерал туралы айтылады. Бұл кім болуы мүмкін? Бәлкім, тағы да сол Мәсімовтің өзі шығар?",  – деді Асхат Рахымжанов.

Оның сөзінше, жарияланған құжаттардан Эпштейннің Қазақстанға бірнеше рет келгені де белгілі болды. Атышулы жайтқа қатысты халықаралық жарияланымдарда АҚШ-та белгісіз жағдайда қаза тапқан қазақстандық модель Руслана Коршунованың да аты аталады.

Осыған байланысты депутат келесі мәселелерге назар аударуды сұрап отыр:
1. "Эпштейн файлдарында" аталған қазақстандық лауазымды тұлғалар мен олармен байланысы бар адамдар туралы мәліметті тексеру. Кездесулердің сипатын әрі олардың мақсаттарын анықтау.
2. Қазақстан аумағында немесе шетелде Джеффри Эпштейнмен басқа да қазақстандық саясаткерлердің, кәсіпкерлердің және шоу-бизнес өкілдерінің байланыстары бар-жоғын анықтау.
3. Ұлттық қауіпсіздікке төнуі мүмкін қатерлерге құқықтық баға беру, соның ішінде лауазымды тұлғалардың беделіне нұқсан келтіру тәуекелдері мен құпия ақпараттың, оның ішінде мемлекеттік құпиялардың жария болып кету қаупін қарастыру.
4. Тексеру нәтижелері туралы Парламент пен қоғамға ақпарат беру, сондай-ақ болашақта осындай жағдайлардың алдын алу үшін қабылданған шаралар жөнінде хабарлау.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу