Ералы Тоғжанов елорда емханаларында Президент тапсырмаларының орындалу барысын тексерді

649

Елордадағы стационарлардың жүктемеленуі өткен аймен салыстырғанда салыстырғанда 34%-ға төмендегенін атап өткен жөн, сондай-ақ төсек-орын саны 2 705-ке артқан.  

Ералы Тоғжанов елорда емханаларында Президент тапсырмаларының орындалу барысын тексерді

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов елордадағы медициналық мекемелерге барып, ҚР Президентінің нұсқаулары мен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімдерінің орындалу барысын тексерді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Премьер-Министрдің орынбасары барған алғашқы нысан амбулаторлық-емханалық және стационарды алмастыратын көмек көрсететін, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем шақыртуларына қызмет көрсететін №9 қалалық емхана болды. Бүгінгі таңда емханада 95 мың тұрғынға қызмет көрсетіледі.

Пандемия кезінде емханада фильтр-кабинеттер мен провизорлық бөлім ұйымдастырылды, бұл жерлерде ПТР-зерттеу үшін биоматериал алынып, сондай-ақ қажетті ем тағайындалады.

Сонымен қоса, Ведомствоаралық комиссия басшысы Damumed мобильді қосымшасы арқылы іске қосылған пациенттерді тегін онлайн-қабылдаудың жұмысымен танысты. Қазіргі кезде 19 ұйым осы қызметке қосылған. Болашақта Нұр-Сұлтан қаласындағы 31 медицина ұйымы онлайн-консультация жүргізетін болады.

Бұдан өзге, емханада жедел жәрдемге түсетін жүктемені жою мақсатында бес мобильді бригада ұйымдастырылған. Бұл мобильді топтар COVID-19 және пневмониямен сырқаттануға күмәнді науқастарға үйде қызмет көрсетеді, дәрігерлер тексеріп, ПТР-зерттеуден өткізу үшін биоматериал алынады және қажетті ем тағайындалады.

Сонымен қатар, Е. Тоғжанов жедел медициналық жәрдем қалалық станциясына барды. 2016 жылдан бері станцияда кепілдендірілген тегін медициналық қызмет көлемі аясында ауруханаға дейінгі шұғыл медициналық көмек көрсетіледі. Қазіргі кезде мұнда 1 414 медицина қызметкері жұмыс істейді, 80 бригада мен 124 автокөлік құралы бар.

Айта кетейік, бүгінгі таңда жедел жәрдем көмегіне жүгінетіндердің санының азайғаны байқалып отыр. Егер 22 маусымда оған тәулігіне 4,3 мың адам жүгінсе, 16 шілдеде 1,9 мың адам жүгінген. Оның ішінде КВИ бойынша жүгіну саны тәулігіне 500-ден 254-ке дейін төмендеген. Жедел жәрдемді шақыртулар саны тәулігіне 3 мыңнан 1,3 мыңға дейін қысқарған.

Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов бұдан басқа №2 қалалық көпсалалы аурухананың жұмысымен танысты, бұл аурухана пациенттерді барлық бейін бойынша қабылдайтын бірден-бір емхана болып отыр. Аурухана жедел медициналық көмек бойынша да, адамдардың өздігінен жүгінуі бойынша да тәулік бойғы режимде пациенттерді қабылдауды қамтамасыз етеді. Тәулік ішінде орта есеппен 300-ге жуық пациент мұнда жүгінеді – 200 адам жедел медициналық жәрдем бойынша, 100 адам өздігінен жүгіну және емханалардан бағытталуы бойынша.

Сонымен қатар ауруханада коронавирус инфекциясымен ауырғандарға арналған 30 инфекциялық төсек-орын, сондай-ақ жансақтау бөлімінде қажетті медициналық жабдықтармен, оның ішінде ӨЖЖ аппараттарымен жарақталған 9 төсек-орын бар.

Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 көпсалалы аурухана мамандарының штаты 1700-ден аса жоғары білікті қызметкерді қамтиды, оның ішінде 500 дәрігер бар. Аурухананың 200-ден аса қызметкері ауырған, оның ішінде 150 адам сауығып, жұмысына оралған.

Медицина қызметкерлерімен кездесу кезінде Е. Тоғжанов медицина қызметтерінің барлық қызметкерлеріне алғыс айтып, олардың күнделікті ерен еңбегін атап өтті және оларды бүгінгі күннің қаһармандары деп атады.

Сонымен қоса, Премьер-Министрдің орынбасарымен әңгімелесу кезінде дәрігерлер әріптестерінің атынан медицина қызметкерлеріне үстеме ақы төлеуге қатысты алаңдаушылықтарын білдірді, бұл мәселег бойынша Е. Тоғжанов медицина қызметкерлеріне барлық қажетті төлемдер толық көлемде аударылатынына сендірді.

Сонымен қатар, медицина мекемелерін дәрілік препараттармен одан әрі қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Бүгінгі таңда медицина мекемелері дәрілік заттармен 100% қамтамасыз етілген. Ведомствоаралық комиссияның басшысы Денсаулық сақтау министрлігі мен "СК-Фармация" ЖШС-ға еліміздің барлық медицина мекемелерінде дәрілік препараттардың айлық қорын қамтамасыз етуді тапсырды.

Елордадағы стационарлардың жүктемеленуі өткен аймен салыстырғанда салыстырғанда 34%-ға төмендегенін атап өткен жөн, сондай-ақ төсек-орын саны 2 705-ке артқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу