Бұл – халықаралық стандарттарға сәйкес келетін тегін оқытуды ұсынатын қазақстандық жалпы білім беру процесінде озық әдістемелерді енгізу бойынша жаңа бренд.
Білім ордасының ашылу салтанатына мемлекеттік органдардың өкілдері, Нұр-Сұлтан қаласының басшылығы және инвестор – "BI Group" құрылыс холдингінің басшысы Айдын Рахымбаев қатысты.
Айта кету керек, бірінші "BINOM" мектебі елордалық оқушыларды 1 қыркүйекте қабылдады. Тағы үш нысан – Байтұрсынов көшесі ("SARYARQA"), "CAPITAL Park" ("TANYM") ТК және Жағалау ("TURAN") шағын ауданында келер жылдың үшінші тоқсанынан бастап өз жұмысын бастайды.
Әрбір оқу орны екі ауысымда оқитын 4 000 балаға есептелген. Осылайша, "BINOM School" желісінің іске қосылуының арқасында Нұр-Сұлтанның 16 мың оқушысы жаңа оқу орындарымен қамтамасыз етілетін болады.
Вице-Премьер Е. Тоғжанов атап өткендей, бұл жоба оқу орындарының тапшылығына байланысты мәселелерді шешу бойынша өте маңызды әлеуметтік-білім беру функциясын атқарады.
"BINOM" жобасы үш ауысымды оқыту мен апатты жағдайдағы мектептердің проблемалық мәселелерін шешуге бағытталған. Нұр-Сұлтан қаласында осындай 6 нысанның құрылысы есебінен 15 мектептің бала саны тығыздығы мәселесі шешілуде. Ең бастысы мұнда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін қуатты білім беру базасы бар", – деді Е. Тоғжанов.
Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі елорданы жалпы білім беретін жаңа ұйымдармен қамтамасыз ету жоспарлары туралы хабарлады.
"Қаланы дамытудың кешенді жоспары аясында 5 жылдық кезеңге 70-ке жуық мектеп салу жоспарланған. Оқу орындары қаланың барлық аудандарында, соның ішінде тұрғын алаптарында салынатын болады", – деді Алтай Көлгінов.
"BINOM School" форматындағы мектептер мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттарында бүкіл Қазақстан бойынша салынатын болады, деп атап өтті "BI Group" компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы А. Рахымбаев.