Эразмус+ бағдарламасына бөлінетін қаржы көбейді

819

Еуропалық одақ 2021-2027 жылдарға арналған Эразмус+ бағдарламасына бөлінетін қаржы көлемін көбейтті.  

Эразмус+ бағдарламасына бөлінетін қаржы көбейді

Оның игілігін әлемнің көптеген елдерінің студенттерімен қатар қазақстандық жастар да көре алады. Бұл Қазақстан мен Еуропалық одақтың әріптестігін одан әрі нығайтып, адамдар арасындағы байланысты күшейте түседі. Астана IT университетінде өткізілген Эразмус+ бағдарламасының Қазақстандағы ақпараттық күніне арналған іс-шарада Еуропалық одақтың Қазақстандағы Елшісі Кестутис Янкаускас осылай деп мәлімдеді.

Оның сөзінше, Эразмус+ Еуропа халқының ең үлкен жетістіктерінің бірі. 2014 жылдан бері іске асырылып келе жатқан жоба Кәрі құрлық елдерін ғана емес, дамушы мемлекеттерді, соның ішінде Қазақстанды да қамтиды. Содан бері мыңдаған қазақстандық студент осы бағдарлама аясында Еуропа елдеріндегі университеттерде білім алып, тағылымдамадан өткен, біліктілігін арттырған. Көптеген қазақстандық университет басқа жоғары оқу орындарымен қарым-қатынасын жақсартқан. 

Ал Эразмус+ ұлттық кеңсесінің үйлестірушісі Шайзада Тасболатованың пайымынша, бұл бағдарламаның республикамыздағы жоғарғы білімді дамытуда маңызы зор. Ол Еуропалық одақтың еліміздегі ең тиімді жобаларының бірі. Мәселен, 2015-2020 жылдар аралығында 61 Эразмус+ жобасы қаржыландырылып, гранттардың жалпы сомасы 52 миллион еуродан асқан. Оған қазақстандық университеттер де қатысқан. Бұл еліміздегі жоғары білімнің дамуына оң ықпал еткен.

Іс-шара кезінде Эразмус+ бағдарламасы аясындағы конкурстарға қатысу шарттары, іріктеу критерийлері таныстырылды. Жиынға Қазақстанның барлық өңірінен келген жоғары оқу орындарының, Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер өкілдіктерінің, басқа да мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысты.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу