Ербаян Мұхтарды біреу ұрды деп айту ерте – Ұлттық ұлан

337

Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. 

Ербаян Мұхтарды біреу ұрды деп айту ерте – Ұлттық ұлан Фото: коллаж inbusiness.kz

ІІМ Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Қайрат Үмбетов сарбаз Ербаян Мұхтардың оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Сарбаз 02.15-те оянып дәретханаға барған, оның құлағанын көрген куәгерлер бар. Тергеу амалдары жүріп жатыр, оны ІІМ әскери-тергеу органы жүргізуде. Қазір Ербаян Мұхтарды біреу ұрды деп айту ерте. Бұл деректер расталған жағдайда ғана айта аламыз", - деді генерал-майор Қайрат Үмбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

"2023 жылдың 4 желтоқсанында сарбаз дәретханада құлап, жарақат алды. Оған әскери бөлімшедегі медициналық қызметкерлер алғашқы медициналық көмек көрсетілді, қосымша жедел жәрдем қызметі шақырылды. Сарбаз Алматыдағы №12 ауруханаға жеткізілді. Оған тексеріс жүргізіліп, тиісті диагноз қойылып, КТ және МРТ нәтижелері алынғаннан кейін, ота жасалды. 4 желтоқсаннан бастап 12 қаңтарға дейін Ербаян Мұхтар емдеу курсынан өтті. Оның барысында екіжақты пневмония қосылғаны белгілі болды. Одан кейін сарбаз Қорғаныс министрлігінің әскери госпиталіне ауыстырылды. Дәрігерлер оны тексергеннен кейін бас сүйегінің трепанациясы жүргізілді. Кейін сарбаз №12 ауруханаға жатқызылды. Ербаян Мұхтарға қажетті емдеу курсы мен ота қалалық ауруханада жүргізілді", - деп жалғастырды спикер.

Спикер оқыс жағдай болған күні әскеридің дәретханадан белдік ұстап шығып бара жатқанына да түсінік берді.

"Киім үлгілері бойынша әр әскери қызметшіге екі белдік беріледі. Бірі – шалбардың белдігі. Екіншісі – күртенің сыртынан тағылатын белдік. Күртені шешкеннен кейін әскери қызметші белдікті қолына тағып жүреді. Киім үлгілерінің тәртібі осындай. Дәретханаға барғаннан кейін белдігін шешіп іліп қояды ғой. Дәретханада Ербаян құлап қалғаннан кейін белдігін қолына алып шығып бара жатқанда камераға түсіп қалған. Тағы да қайталап айтамын, Ербаянның денсаулығына зақым келтіргенін айту әлі ерте. Қазір қызметтік іс қозғалды", - деді генерал-майор Қайрат Үмбетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу